Биыл магистратура, докторантура гранттарының құны артады
Магистратура, докторантура гранттарының құны кемінде бакалавр гранттарының құнымен теңесуі керек. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне осындай жоспарын жариялады, деп хабарлады Elorda.info.
Бізде жоғары оқу орындарының басым көпшілігі әлі зерттеу форматына көшкен жоқ. Бірнеше себеп бар. Біріншісі – жоғары оқу орындарының ректорларының өздері магистрларды, PhD докторанттарын даярлауға аса ынталы емес. Неге десеңіз, магистр грантының құны 380 мың теңге. Ал бакалавриат грантының құны 1 млн теңгеге жуық, - деді ол.
Министрдің сөзіне қарағанда, алдағы 3 жылда магистратура, докторантура гранттарының құны 1,5-2 млн теңгеге дейін көтеріледі.
Сонда былай қарасаңыз, ректор былай ойлайды: «Мен бакалаврды қазір қабылдасам, онда ол төрт жылда маған 4 млн теңге әкеледі. Ал магистрды қабылдасам, ол екі жылда маған бір млн да әкелмейді, - дегендей.
Сондықтан біз осы жылдан бастап біз магистратура, докторантура гранттарының құнын өсіреміз. Кемінде бакалаврлармен теңесу керек. Бірақ негізінде осы үш жылдың ішінде олар 1,5-2 млн теңге көлемінде болады», - деді Саясат Нұрбек.