00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Жасай бер, Жайнай бер, Астана!»: Республикалық мүшәйраның жеңімпаздары марапатталды

27 маусым, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Жасай бер, Жайнай бер, Астана!»: Республикалық мүшәйраның жеңімпаздары марапатталды
фото: Оңалхан Өнерхан

Бүгін «Жастар» театрында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып, елорданың 25 жылдық мерейтойына арналған «Жасай бер, жайнай бер, Астана!» республикалық мүшәйрасы жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты шараға Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы, елорда мәслихатының депутаттары, қаланың зиялылары мен мәдениет және өнер қызметкерлері, өлең сүйер қауым жиналды, деп хабарлады Elorda.info.      

Биылғы Астанаға арналған ақындар аламанына еліміздің әр аймағынан белгілі жыр жүйріктері бастап, жас талапкерлер қостап 100-ден аса ақын қатысты. Белгілі қаламгерлерден құралған қазылар алқасы шығармаларды сұрыптай келе 12 ақынға бәйге берді. 

WhatsApp Image 2023-06-27 at 17.10.27.jpeg

Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, осы ұйымның Астана қаласы филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында көрнекті ақын,  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, белгілі ақын-сыншы, Мәдениет қайраткері Сұраған Рахметұлы, көрнекті ақын, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып, жазушы-публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанболат Аупбаев, ақын, әдебиет зерттеушісі-сыншы, Түркі академиясының аға ғылыми қызметкері Ақеділ Тойшан болды.

Астана байтағымыздың Арқаға ірге тепкеніне 25 жыл. «Жасай бер, жайнай бер, Астана!» атты мүшәйра он бірінші рет дәстүрлі түрде өтіп отыр. Қазақтың тілеуін тәңір берсін, осы мүшәйраны аймаңдай ақынымыз, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы өзі бастап өткізіп, қаншама таланттың бағын ашты. Қазір денсаулығына байланысты бүкіл Алаш жұрты тілеуін тілеп жатыр. Құдай қуат берсін! Несіпбек ағамыздың бастаған шаруасын аяғына жеткізіп, осы алқалы мерекеге жиналып отырмыз. Астана бүкіл қазақ баласы бас иетін, байрағымызды биіктен желбіреткен, қаншама ғасырдан бері келе жатқан ата-бабаларымыздың, әруақты батырларымыздың, адуынды ақындарымыздың арманын асқақтатқан мекен. Есіліміз бесігіміздей шын құтты мекен. Осы мекенді жырлауға, осы мекеннің қадір-қасиетін арттыруға ақындардың тілі де, тілегі де жетеді. «Алуан-алуан жүйрік бар әліне қарай шабады» дейді. Астананың бағын асқақтатып, өздерінің жүрегінен шыққан шынайы жырларын ұсынған жүзден астам шығарманы барынша қарап, шынымен тебіренген тұстарымыз, олқы түскен жерлерде көңіліміздің пәсейген кездері де бар. Астана қазір төрт пұшпағы түгенделіп, иі қанған арланның терісіндей кеңейіп, бүкіл қазақтың бағына айналған мекен. Астана қаласы астана болғалы, Арқаға зиялылар қоныс тепкелі жан жақтан арман қуған қаншама жас таланттар, қыздар-жігіттердің барлығы да бүгін - осы Астананың тұрғындары, - деді Дәулеткерей Кәпұлы. 

Ол қазір Астана елорда болғалы бас қалада 200-ге тарта қаламгер барын айтып, қала әкімдігі қаламгерлерге, жалпы шығармашылық адамдарға үлкен қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Соның ішінде «Жазушылар үйін» ашып бергенін, 2021 жылы 50 жасқа дейінгі елордалық ақындардың кітаптарын шығарып бергенін еске салды. Қазір Астана әкімдігі қаладағы қазақ мектептеріне бүгінгі қазақ әдебиеті өкілдерінің шығармаларын жеткізіп, мектеп кітапханаларын толықтырып жатқанын айтты. Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының шаһар әкімдігімен бірлесе атқаратын үлкен жоспарлары бар екенін жеткізді. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтай келе, журналистердің қазақтың сүйіншілі дүниесін бүкіл халыққа жеткізудегі ересен еңбегін атап өтті.

«Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли бұл мүшәйра Астананың мерейтойына арналған елеулі іс-шараның бірі екенін айта келе, топ жарған ақындарды құттықтады. 

WhatsApp Image 2023-06-27 at 17.10.23 (1).jpeg

Үлкен мерекеміз келе жатыр. Ақын мен журналист бір атадан жаралған деп ойлаймын. Ақындар да журналист болып жүр, журналистер арасында ақындар бар, бұл – ортақ мереке, сол себептен барша қалам ұстаған қауымды осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын, - деді Берік Уәли. 

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов өз сөзін жиналған қауымды еңселі елорданың 25 жылдығымен құттықтаудан бастады. 

Арқаның төрінде осындай қаланың бой көтергені, әрине әр қазақты қуантады. Тәуелсіздік жылдары, осы 25 жылдың ішінде Астана дүние жүзіндегі ең әдемі қалалардың біріне айналды деп нақты айтуға болады. Бұл мүшәйра он бірінші рет өтіп отыр екен, оны дәстүрге айналдырып, жалғастыру керек. Келесі жылы қазағымызды шақырып, құрметпен қарап, үлкен залда жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет. Сосын мүшәйра өлеңдерін кітап қылып шығарып, кітапханаларға тарату керек. Келіп түскен шығармалар кітапта, тарихта қалу қажет. Осындай мүшәйраны тек Алматы мен Астанада ғана емес, ел көлемінде аймақтарда ұйымдастыру керек негізі. Себебі қазір барлық аймақтарда, аудандарда талантты жастарымыз, қыздарымыз да, ұлдарымыз да көп. Соларға қолайлы жағдай жасау керек. Жазушылар одағымен бірлесе жұмыс жасаймыз. Өткен жолы одақ басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновпен сөйлестік. Министрлік тарапынан стратегиялық әріптестік ретінде мүшәйраларды ел көлемінде ұйымдастыруға қаржы бөлеміз, - деді Асхат Оралов.            

WhatsApp Image 2023-06-27 at 17.10.24.jpeg

Мүшәйра жүлдегерлеріне келсек, бес ынталандыру сыйлығы Шырын Толқынова (Алматы облысы), Ұларбек Нұрғалым (Астана), Назгүл Бердіқожа (Қызылорда), Бақытжан Раисова (Өскемен), Бағдат Мүбәрак (Алматы) қатарлы ақындарға бұйырды.

Үшінші үш орын белгілі ақындар Дүкен Мәсімханұлының «Астанам менің айбыным» өлеңдер топтамасына, Елена Әбдіхалықованың «Астана. Бастау» өлеңдер топтамасына, Әбдіғани Бәзілханның «Бөгенбайдың Қараөткелі» толғауына берілді.   

Екінші екі орынның бірі Мұрат Шаймаранның «Топырақ» атты топтама өлеңдеріне, екіншісі «Тәуелсіздік көшесінің тұрғыны» өлеңі үшін белгілі ақын, республикалық «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлының қанжығасына байланды. 

Бірінші орынды жас ақын, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Арман Шеризаттың «Азаттық мұнарасы» атты өлеңі алды.

Ал бас бәйгені Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов «Астананың аспаны» атты топтама өлеңдері үшін көрнекті ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбайға тапсырды.

WhatsApp Image 2023-06-27 at 17.10.25 (1).jpeg

Жазба ақындардың өлеңдерімен Астана мерекесінің басталғаны өте жарасады. Мүшәйраларға көп жылдан бері қатыспап едім, себебі Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары болғанымда өзіміз ұйымдастыратынбыз. Астана тойы – қазақтың тойы, Алаштың баласының тойы. Әріге кетпей, осы жерде Балуан Шолақ ән салған, «Қараөткелдің бауырында қалың шынар» деп Иманжүсіп өткен, «Есілдің жағасына ат байладым» деп Ақан сері өткен, Сәкен Сейфуллин жырлаған талай ұлылардың арманы қалған Астана қазақпен бірге жасасын! – деген Ғалым Жайлыбай жүлде алған өлеңдерін оқып берді. 

Осы мүшәйраны ұйымдастырушы, бостандықтың, тәуелсіздіктің, Астананы жыршысы Несіпбек Айтұлы ауруханадан шыққан соң оның жыр кешін өткізуді ұсынды. 

WhatsApp Image 2023-06-27 at 17.10.22.jpeg

Ақындарды марапаттау салтанатында Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының «Шалқыма» халық би ансамблі, белгілі әнші Қайнар Қатпай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Медет Салықов пен Клара Төленбаева, Ардақ Балажанова жиналғандардың көңілін көтеріп, өнер көрсетті. 

WhatsApp Image 2023-06-27 at 17.10.26.jpeg

WhatsApp Image 2023-06-27 at 17.10.23.jpeg

                                                                           Аманғали ҚАЛЖАНОВ