Астанада ашық аспан астында ән фестивалі өтті
Амфитеатрда Астана қаласының 25 жылдығына орай «ESIL MUSIC TIME» ашық аспан астындағы фестиваль өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Елорданың 25 жылдығы – еліміздің маңызды жалпыұлттық мейрамы. Астана – халқымыз үшін тәуелсіздік пен өсіп-өркендеудің алтын тұғыры.
Ашық аспан астындағы фестивальде халықтың жүрегінен орын алған ескірмейтін ескі хит әндер жас буын әншілердің орындауында қайта шырқалды.
Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Баршаңызды елорданың 25 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Астанамыз көркейе берсін! Керемет мерекелік іс-шаралар өте берсін! Біз әрдайым қуанышты бөлісуге әзірміз, - деді жас әнші Еркеш Хасен.
Фестивальде елімізге белгілі эстрада әншілері Бейбіт Қорған, Әлішер Кәрімов, Дильназ Ахмадиева, Қазыбек Құрайыш, Еркеш Хасен, Мархаба Сәби, Әмре, Ayree, Sadraddin, Qanay, Kalifarniya, Домино тобы көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сондай-ақ Е.Хасанғалиевтің әйгілі «Бозторғай» әні, «МузАрт» тобының «Мен сені сүйемін», «NNBek» тобының «Қыздар-ай» әні жаңа өңдеуде көрерменге жол тартты.
Астана күні қарсаңында шырайлы Шымкенттен қонақ болып келіп қалдым. Бүгінгі концерт керемет өтіп жатыр. Әншілердің жанды дауыстағы әндері жанымызды жадыратты. Елордамыздың мерейтойы құтты болсын! – деді көрерменнің бірі Бағдат Момынқұлов.
«ESIL MUSIC TIME» – тәуелсіздік жылдарында туған хит әндердің музыкалық жаңа формада берілуі.
Әншілер ескі әндерге екінші өмір беріп, ешкім күтпеген жаңа нұсқасын тыңдарман назарына ұсынды.