Астанаға Түркияның әскери оркестрі келді
Түркия Ұлттық Қорғаныс министрлігінің «Мехтеран» әскери оркестрі «Астана – мәдениет керуені» І халықаралық әскери-музыкалық фестиваліне қатысу үшін ел астанасына ұшып келді, деп хабарлады Elorda.info.
Осман империясынан бері келе жатқан «Мехтер» әскери оркестрін әлемдегі әскери оркестрлердің түпкі атасы деп санауға болады. Оның тарихы Осман империясының негізін салушы Осман Газиге 1289 жылы мырзалық құзіретін берген Анадолы әміршісі Селжұқ ІІ Гиясеттин Месуттің жіберген арнайы кернейшілер тобынан басталады. Тарихта «Мехтер» соғыс майданында ойнаған музыкасымен әскердің ұлттық рухы мен көңіл-күйін көтеріп, жауларының үрейін тудырған деп айтылады.
XV ғасырдың ортасында Мехмед Фатих Стамбулды жаулап алған кезеңде бұл әскери оркестр ойнаған музыканы әскерилер мен бірге билеушілер де орындарынан тұрып тыңдаған деген дерек бар.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Осман империясы әлсіреп, Сұлтан Махмуд II билік жүргізген кезеңде «Мехтер» таратылып кетті. Өйткені Сұлтан батыстық дәстүрлерді қабылдауға тырысты. Алайда бұл уақытта янычар оркестрі Еуропада өте танымал болатын. Көптеген мемлекеттер өздерінің әскери оркестрлерін құрып жатты. Ал композиторлар (мысалы, Моцарт) өз шығармаларында янычар музыкасының элементтерін қолданды.
1954 жылы теңдессіз оркестр қайта дәуірледі. Бір қызығы «Мехтеран» оркестрінің музыканттары күні бүгінге дейін Осман империясы кезіндегі костюмдерде өнер көрсетіп келеді.
Асналықтар мен қала қонақтары Түркия әскери өнерпаздарының өнерін өзге шетелдік оркестрлермен бірге 6 шілде күні Есіл жағалауындағы жазғы амфитеатрда тамашалй алады. Музыканттар өз бағдарламаларын Мехмет Али Бейдің «Плевна маршы» шығармасымен ашпақ. Құрамында 70 адам бар оркестрді полковник Айдын Ердем басқарады.