Астана-25: Бүгін журналистер арасындағы байқауға өтінім қабылдау аяқталады
Бүгін Астана күніне орай авторлар арасында үздік жарияланымдар, репортаждар, БАҚ және әлеуметтік желілердегі Астананың дамуы туралы сюжеттер байқауына өтінім қабылдау аяқталады, деп хабарлады Elorda.info қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Байқауға қатысуға барлық қазақстандық журналистер шақырылады.
Байқауды Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының қолдауымен қалалық Коммуникациялар қызметі ұйымдастырады.
Астана туралы 2022 жылдың 1 маусымынан 2023 жылдың 16 маусымына дейінгі кезеңде жарияланған/эфирге шыққан мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі материалдар қабылданады. Бір қатысушы конкурсқа 1 материалдан артық емес және тек бір номинация бойынша ұсына алады.
Байқау келесі номинациялар бойынша өткізіледі:
1) «Үздік журналист-сарапшы» – елорда туралы баспа басылымдарында жарық көрген сараптамалық материалдар;
2) «Үздік шолушы» – Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы интернет-басылымдардағы материалдар;
3) «Үздік радиорепортаж» – Астанаға арналған радиосюжеттер;
4) «Үздік телесюжет» – қала өмірі туралы телесюжеттер;
5) «Үздік мобилограф» – мегаполис өмірі туралы бейнероликтер;
6) «Үздік фоторепортаж» – Астана туралы фотосуреттер;
7) «Әлеуметтік желідегі Астананың 25 жылдығы туралы үздік материал» арнайы номинациясы – әлеуметтік желідегі үздік материалдарды анықтауға бағытталған. Әлеуметтік желілердегі (Facebook, Instagram және TikTok) танымал топтар мен пабликтер қатысуға өтініш бере алады.
Номинациялар бойынша жеңімпаздарды белгілі журналистерден, медиа-сарапшылардан және елордадағы осы саланың құрметті өкілдерінен құралған конкурстық комиссия айқындайтын болады.
Ең үздік жұмыс ақшалай сертификаттармен ынталандырылады. Бірінші орын үшін 1 миллион теңге, екінші орын үшін – 500 мың теңге, үшінші орын үшін – 300 мың теңге.
Өтінімдер 2023 жылдың 16 маусымына дейін мына электрондық пошта арқылы қабылданады: sluzhbakommunikatsiy@mail.ru.
Ұйымдастыру комитетінің байланыс телефоны: 8 (702) 407-52-82.
Байқаудың ережесін сілтеме бойынша көруге болады.