Жылыту маусымы басталғалы бері Астанада 55 өрт болды

Жылыту маусымы басталғалы бері Астанада 55 өрт болды
Фото: видеодан скриншот: Астана қаласының коммуникациялар қызметі брифингі

2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы басталғалы бері Астана қаласының тұрғын секторында 55 өрт болды. Бұл туралы Астана қаласы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Бабаев айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті өрттің алдын алу мақсатында халықпен жүйелі жұмысты жалғастырып келеді. Ерекше назар әлеуметтік осал санаттағы 1 738 отбасыға аударылған. Жылыту маусымы басталар алдында жергілікті атқарушы органдар, полиция және әлеуметтік қорғау мамандарымен бірлесіп, аталған санаттағы үйлерге 100% профилактикалық аралау жүргізілген. Тұрғындарға өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптары түсіндірілді. «Өрт қауіпсіздігі айлығы» шеңберінде құтқарушылар аз қамтылған және әлеуметтік осал отбасыларға қайта барып, пеш пен жылыту құралдарын дұрыс қолдану ережелерін түсіндіруде. Бүгінге дейін 108 рейд, 13 мыңнан астам үйді тексеру, 20 мыңға жуық тұрғынды қамту жұмыстары атқарылған. Тексеру нәтижесінде 9 мыңға жуық бұзушылық анықталып, оларды жою бойынша тиісті ұйымдарға нұсқама берілді. Әлеуметтік осал отбасылардың үйлеріне 436 улы газ датчигі орнатылды. Соңғы төрт жылда жалпы 3 мыңға жуық датчик орнатылған, - деді ол.

Сонымен қатар биылғы жылдың1-5 желтоқсан арлығында Полиция департаментімен бірлескен “Газбаллон” акциясы ұйымдастырылып, газбен жабдықталған автокөліктердің иелеріне, газ құю бекеттерінің өкілдеріне, тұрғындарға газ балонды қолдану кезіндегі қауіпсіздік ережесін сақтау насихатталды.