Зулфухар Ғайыпов: Мемлекеттік рәміздер күні — елдігімізді ұлықтайтын маңызды мереке

Бүгін, 14:41
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Зулфухар Ғайыпов: Мемлекеттік рәміздер күні — елдігімізді ұлықтайтын маңызды мереке
Фото: Зулфухар Ғайыповтың жеке архивінен

Рәміздерге құрмет көрсету — Отанға, туған жерге, тәуелсіздікке және халқымыздың тарихына деген құрметтің белгісі. Олар әрбір азаматтың бойында патриоттық сезімді күшейтіп, ел алдындағы жауапкершілікті арттырады. Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры Зулфухар Ғайыпов 4 маусым — Мемлекеттік рәміздер күніне байланысты осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

«Мемлекеттік рәміздер — еліміздің тәуелсіздігін, тұтастығын, ұлттық болмысын және мемлекеттілігін айқындайтын ең қастерлі құндылықтардың бірі.

Көк байрағымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз — халқымыздың тарихын, еркіндікке деген ұмтылысын, бірлігі мен болашаққа деген сенімін бейнелейтін қасиетті нышандар. Әрбір рәмізде елдің өткені, бүгіні және келешегі көрініс тапқан.

Рәміздерге құрмет көрсету — Отанға, туған жерге, тәуелсіздікке және халқымыздың тарихына деген құрметтің белгісі. Олар әрбір азаматтың бойында патриоттық сезімді күшейтіп, ел алдындағы жауапкершілікті арттырады.

Мемлекеттік рәміздер, әсіресе, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруда ерекше маңызға ие. Рәміздерді құрметтеу арқылы жастар елін сүюді, мемлекеттің қадірін түсінуді және тәуелсіздіктің бағасын білуді үйренеді», - деді З.Ғайыпов.

Ол, сондай-ақ, бүгінде Қазақ елі үлкен саяси жаңғыру мен қоғамдық трансформация кезеңін бастан өткеріп отырғанын айтты. Ал осындай уақытта мемлекеттік рәміздердің елдік сананы дамытудағы, ұлттық бірегейлікті нығайтудағы және қоғамды ортақ құндылықтар төңірегіне топтастырудағы маңызы ерекше.

«Ойымызды өз заманының дүлдүл ақыны Сүйінбай бабамыздың:

«Бөрілі байрақ астында,

Бөгеліп көрген жан емен,

Бөрідей жортып кеткенде,

Бөлініп қалған жан емен!

Бөрі басы — ұраным,

Бөрілі менің байрағым.

Бөрілі байрақ көтерсем,

Қозып кетер қайдағым!» —деген рухты жыр жолдарымен қорытындылағым келеді.

Көк байрағымыз көгімізде мәңгі желбірей берсін!» - деген тілегін арнады ол.