Референдум-2026

«Жерұйық» саябағында Астана күніне арналған мерекелік концерт өтті

Бүгін, 17:53
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Жерұйық» саябағында Астана күніне арналған мерекелік концерт өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Елорда күні аясында «Жерұйық» саябағында «Туған күніңмен, Астана!» атты үлкен мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап. 

Ашық аспан астында өткен салтанатты кешке жүздеген қала тұрғыны мен қонағы жиналды. Ұйымдастырушылар заманауи қазақстандық мәдениеттің байлығы мен ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін мазмұнды музыкалық бағдарлама ұсынды.

Сахнада танымал әншілер мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, көрермендерге әсерлі вокалдық және аспаптық композицияларын тарту етті.

Мерекелік концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Медет Салықов пен Клара Төленбаева, танымал орындаушылар Асан Әбдіралдин, Тұрар Төлеутай, Аллажар Қайбар, Айдын Жұмабай, белгілі аспапшы Меруерт Бақыт, сондай-ақ «Томирис» және «Еркем» вокалдық триолары қатысты.
Концерт барысында Отанға, елордаға және оның тұрғындарына деген сүйіспеншілікті арқау еткен әндер шырқалды. Көрермендер әрбір өнерпазды ыстық ықыласпен қарсы алып, өнер көрсетілімдерін зор қошеметпен қолдады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай мәдени іс-шараларды саябақтарда өткізу тұрғындар мен қала қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлап, отбасылық демалыс пен мәдени тынығуға қолайлы жағдай жасайды.

Еске салайық, бұған дейін елорданың орталық алаңында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.