«Туған күніңмен, Астана!»: елорданың орталық алаңында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды
Елорда күніне орай қала әкімдігі ғимараты алдындағы қалалық алаңда «Туған күніңмен, Астана!» атты мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мерекелік кешке жүздеген қала тұрғыны мен қонағы жиналды. Мини-амфитеатр көрермендерге лық толып, жиналған жұрт сүйікті өнерпаздарының әндерін бірге шырқап, әрбір өнер көрсетілімін ыстық ықыласпен, зор қошеметпен қарсы алды.
«Жастар» сарайының имидж және коммуникациялар бөлімінің қызметкері Айым Ғаниқызының айтуынша, концертке кіру барлық көрермен үшін тегін болды.
«Бүгін қалалық алаңда «Туған күніңмен, Астана!» атты мерекелік концерт өтіп жатыр. Қала әкімдігінің қолдауының арқасында концертке кіру барлық көрермен үшін тегін. Концерттік бағдарламаға Зарина Омарова, Бауыржан Исаев, DIEra триосы, «Бәйтерек» тобы, Алтынай Мұқатаева, «Астана» тобы, Асан Әбдіралдин және өзге де өнерпаздар қатысуда. Елорда тұрғындары мен қонақтарын мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! Баршаңызға ашық аспан, амандық-саулық тілейміз, ал сүйікті Астанамыз әрдайым гүлдене берсін!» – деді ол.

Әнші концерттің ерекше атмосферасы мен көрермендердің ыстық ықыласы өзіне ерекше әсер еткенін айтты.
«Бүгін шынымен де тамаша кеш өтті. Алаңда ерекше мерекелік көңіл күй орнады. Бұл қуанышты сәтті бірге бөлісуге соншама адамның келгені шабыт береді. Астана тұрғындары мен елорда қонақтарын Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әсем қаламыз жылдан-жылға көркейіп, жайнай берсін. Әр шаңырақта бақыт, денсаулық, тыныштық пен береке орнасын!» – деді өнерпаз.
Еске салайық, бұған дейін «Жағалау» саябағында қала күніне орай думанды концерт өткенін жаздық.