Жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында үздік нәтиже көрсеткен спортшылар марапатталды

Бүгін, 13:13
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында үздік нәтиже көрсеткен спортшылар марапатталды
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жуырда Қытайдың Тяньцзинь қаласында өткен жеңіл атлетикадан жабық кешендегі XII Азия чемпионатында 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алған ұлттық құрама спортшыларымен кездесті. 11 елдің спортшылары жүлдеге іліккен жарыста Қазақстан ұлттық құрамасы 7 жүлдемен жалпыкомандалық есепте төртінші орынға ие болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Кездесу барысында министр спортшыларды жетістіктерімен құттықтап, осындай нәтижелер мен мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жан-жақты қолдаудың арқасында елімізде жеңіл атлетикаға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстанда бұл спорт түрімен 300 мыңнан астам адам тұрақты түрде айналысады.

«Бүгінде Мемлекет басшысы елімізде спортты дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Дене шынықтыру мен спорт саласын дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Азия чемпионатындағы табысты нәтиже спортшылар мен жаттықтырушылардың бірлескен еңбегінің жемісі. Бұл жетістікке ҚР жеңіл атлетика федерациясының басшысы Асхат Хасенов пен ұлттық құраманың кеңесші-жаттықтырушысы Александр Апайчевтің айрықша үлес қосқанын атап өткен жөн. Дегенмен алда атқаратын жұмыстар әлі де көп. Қолда бар әлеует биыл өтетін ХХ жазғы Азия ойындары мен 2028 жылғы Олимпиадада табысты өнер көрсетуге мүмкіндік береді деп ойлаймын», – деді министр.

Айта кетейік, Қытайда өткен Азия чемпионатында Нора Джеруто (3000 метр), Алина Чистякова (бессайыс), сондай-ақ құрамында Аделина Земс, Мария Шувалова, Анна Шумило және Кристина Кондрашова бар әйелдер құрамасы (4×400 метр) эстафетада алтын жүлдеге қол жеткізді.

Сондай-ақ биіктікке секіруден Надежда Дубовицкая күміс жүлде иеленсе, Мария Ефремова (үш қарғып секіру), Нора Джеруто (1500 метр) және құрамында Мәди Төкенов, Эльнор Мухитдинов, Андрей Соколов, Вячеслав Земс бар ерлер құрамасы (4×400 метр) эстафетада қола жүлдеге ие болды.

Жиын соңында министр Азия біріншілігінде жүлде алған спортшылар мен жаттықтырушыларды министрлік атынан алғыс хаттармен, федерация атынан сертификаттармен марапаттады. Сондай-ақ көпсайыстан жаттықтырушы Светлана Казанинаға ведомстволық награда табысталды.

Еске сала кетейік, қысқы Олимпиаданың бүгінгі жарыс жолына 7 қазақстандық шығады.