Зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалануға қатысты ереже күшіне енді
Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалануға қатысты жаңа ереже күшіне енді. БЗТ есебінен ипотекалық қарыздарды өтеу кезінде енді тек негізгі қарызды жабуға болады, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Отбасы банкке» сілтеме жасап.
«Отбасы банктің» баспасөз қызметі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бекіткен тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілгенін еске салды.
Аталған өзгерістер зейнетақы жинақтарының артық бөлігін пайдалану мақсаты бойынша, екінші деңгейлі банктердегі берешекті ішінара немесе толық өтеуге байланысты.
Енгізілген өзгерістер бүгін, 17 сәуірден бастап күшіне енген.
«2026 жылғы 17 сәуірден бастап зейнетақы жинақтарының артық бөлігін пайдалана отырып, екінші деңгейлі банктердегі ипотекалық қарызды ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу кезінде тек негізгі қарызды өтеуге болады. Ай сайынғы төлемге кіретін сыйақы және өзге де берешектерді клиенттер өз қаражаты есебінен төлеуі тиіс», - делінген хабарламада.
«Отбасы банк» екінші деңгейлі банктерге өз клиенттеріне негізгі қарыз қалдығы көрсетілген несие берешегі туралы анықтамаларды беру қажеттігі жөнінде тиісті хаттар жолдаған.
Бұл ретте несие берешегі туралы анықтаманың жаңа үлгісі қоса беріледі.