Айгүл Бейсенбина: Жасанды интеллект – ұлттық білім беру жүйесінің жаңа стратегиялық белесі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы еліміздің болашағы үшін тарихи маңызы бар стратегиялық шешім болды. Бұл құжат - Қазақстанның адами әлеуетін дамытуды басты орынға қоятын, бәсекеге қабілетті инновациялық білім беру жүйесін құруға бағытталған мемлекеттік деңгейдегі кешенді қадам. Астана қаласы әкімдігінің №107 жалпы орта білім беретін мектеп директоры Айгүл Бейсенбина Президент бастамасына қатысты осындай пікір айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Директордың сөзінше, №107 жалпы орта білім беретін мектеп Президенттің осы стратегиялық тапсырмасын негізге ала отырып, 2025-2026 оқу жылының басынан бері Оқу-ағарту министрлігі және Ұлттық білім академиясымен бірлесіп, оқу үдерісін цифрлық трансформациялаудың пилоттық жобаларын бастап кетті.
«Мемлекет басшысының Жарлығында айқын көрсетілгендей, біздің басты мақсатымыз – жасанды интеллектінің мүмкіндігін пайдалана отырып, білім сапасын жаңа деңгейге көтеру. Бұл стратегиялық бағыт аясында мектебімізде бірталай ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Жаңа талаптарға сай, ЖИ мұғалімді алмастырушы емес, оның тиімді көмекшісіне айналуы тиіс. Мектебімізде енгізілген Testter.kz және Roqed AI платформалары мұғалімдердің уақытын үнемдеп, сабақты жекелендіруге жол ашты. Бұл - педагогтердің кәсіби дамуына серпін беріп, сапалы адами капиталды қалыптастырудың негізгі тетігі.
Заманауи білім беру ортасын құру мақсатында Artisan Education, Cody Play және IT HUB жобаларын іске қостық. Оқушыларымыз теорияны тәжірибемен ұштастырып, өз қолдарымен роботтар құрастырып, бағдарламалауды үйренуде. Бұл - ертеңгі күннің инновациялық экономикасын құратын мамандарды мектеп қабырғасынан бастап тәрбиелеу деген сөз.
Қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жою жөніндегі мемлекеттік тапсырмаға сай, біз Google Workspace for Education секілді ресурстар арқылы әр баланың жеке қабілетіне негізделген оқу траекториясын құрудамыз. Бұл - білім берудегі тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің кепілі.
Мектебіміздегі инновациялық бағыттың тағы бір айқын көрінісі - ЖИ-ГИД жобасы. Бұл интеллектуалды ассистент мектеп өмірі туралы барлық ақпаратты цифрлық форматта ұсынып қана қоймай, мекеменің цифрлық келбетін қалыптастырады. Сонымен қатар, Protector AI жүйесі арқылы цифрлық қауіпсіздік мәселелері де басты назарға алынған», - дейді ол.
Айгүл Бейсенбина Мемлекет басшысының бұл стратегиялық шешімі - Қазақстанның әлемдік технологиялық бәсекедегі орнын айқындайтын маңызды меже екенін баса айтты.
«Біздің №107 мектеп үшін бұл құжат - еліміздің адами әлеуетін жаңа белеске шығаруға арналған жауапты миссия. Алдымызға қойылған стратегиялық мақсаттарды іске асыру арқылы біз Қазақстанның ертеңгі тірегі болатын, цифрлық дәуірдің тілін меңгерген жаңа буынды тәрбиелейтінімізге сенімдіміз», - дейді мектеп директоры.