Жаңа әуе бағыттары мен жөнделген туристік аймақтар жолы: Туризмді дамыту үшін көлік инфрақұрылымы жаңғыртылды

Жаңа әуе бағыттары мен жөнделген туристік аймақтар жолы: Туризмді дамыту үшін көлік инфрақұрылымы жаңғыртылды
Фото: ҚазАвтоЖол

Үкімет отырысында туризмді дамыту үшін көлік инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі шаралар қаралды , деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың мәліметінше, биыл жалпы пайдаланымдағы 11 мың шақырым автожол жөнделіп жатыр. Оның ішінде Рақман қайнары, Кендірлі, Баянауыл, Зеренді және Көлсай туристік аймақтарына апаратын бағыттар да қамтылған. Мысалы, Алматы-Өскемен трассасының толық аяқталуы жол жүру уақытын 4 сағатқа қысқартты.

Сонымен қатар 1 шілдеге дейін Көкшетау, Бурабай, Қонаев, Балқаш және басқа да қалалардағы вокзалдар жаңғыртылады.

Ал 191 жаңа вагон сатып алу және жазғы кезеңде 15 қосымша маршрутты іске қосу есебінен 400 мыңнан астам қосымша жолаушы орны қамтамасыз етіледі.

Авиация саласы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа әуежайлар салынып жатыр. Арқалық қаласының әуежайы қалпына келтірілуде. Биыл Үржар әуежайының терминалын жаңғырту басталды.

«Ішкі әуе рейстері өңірлер арасындағы байланысты нығайту үшін өте маңызды. Жазғы маусымда негізгі туристік аймақтар: Алакөлге, Балқашқа, Түркістанға, Бурабайға және Каспий теңізіне субсидияланатын авиа маршруттар бойынша рейстер орындалады. Жазда аталған бағыттар бойынша аптасына 45 рейс ұшады», - деп атап өтті министр.

Еске сала кетсек, Қазақстан туризм саласында бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптастырып жатыр.