Мәжілісте ЛГБТ насихатын заңмен шектеу мәселесі қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Бұл тақырып бұған дейін бірнеше мәрте Мәжіліс қабырғасында көтерілген. Депутаттар Еділ Жаңбыршин, Ринат Зайыт, Самат Мұсабаев және Ардақ Назаров ЛГБТ насихатына шектеу қою жөнінде депутаттық сауал жолдаған. Сондай-ақ былтыр ЛГБТ-ның ашық және жасырын насихатына қарсы петиция 50 мыңнан астам қол жинады. Петицияның ресми қарауға ұсынылатындай қол санын жинауына байланысты Ұлттық өркендеу қоры арнайы зерттеу жүргізді. Оның қорытындысына сәйкес, сауалнама нәтижелері ел халқының ЛГБТ-ға тыйым салуды құптайтынын көрсеткен.
Бұл зерттеу қоғамның нақты ұстанымын көрсетті. Ата-аналар мен ұстаздар, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдар барлығы балаларды қорғау мәселесінде бір пікірде, – деді Бейсенбаев.
Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, бұл нормалар халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады.
Мұндай нормалар Венгрия, Болгария, Литва, Польша, Қырғызстан және Ресей сияқты мемлекеттерде де бар. Демек Қазақстан бұл бағытта жалғыз емес. Бұл – ұлттық менталитетті, отбасылық құндылықтарды сақтау жолындағы заңды қадам, – деді депутат.