Жамбыл облысында 42 жыл құжатсыз жүрген азамат алғаш рет жеке куәлік алды
Жамбыл облысында 42 жыл құжатсыз жүрген азамат алғаш рет жеке куәлік алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ Көші-қон қызметі комитетіне сілтеме жасап.
Қордай ауданы полиция бөлімінің көші-қон қызметі қызметкерлері 42 жастағы тұрғынның құқықтық мәртебесін анықтап, оған Қазақстан азаматының жеке куәлігін алуға көмек көрсетті. Ол өмір бойы жеке басын куәландыратын құжатсыз жүрген. Құжатының және тұрғылықты мекенжайының болмауына байланысты ол ұзақ жыл қиын әлеуметтік жағдайда өмір сүріп, азаматтық құқығын толық пайдалана алмаған.
Қордай ауданына көшіп келгеннен кейін шалғай таулы аймақта малшы болып жұмыс істеген.
Полиция қызметкерлері оның жеке басын анықтау, қажетті мәліметтерді қалпына келтіру, жаңа құжат рәсімдеу үшін архив деректерін жинау және жеке мәліметтерін тексеру жөнінде тиісті сұраным хат жолдады. Нәтижесінде қажетті құжаттардың толық топтамасы дайындалды.
Полиция барлық кезеңде азаматқа құқықтық кеңес беріліп, практикалық көмек көрсетілді. Нәтижесінде 20 мамырда азамат алғаш рет Қазақстан азаматының жеке куәлігін алды. Құжат алған азамат аудандық полиция бөлімінің басшылығы мен қызметкерлеріне, сондай-ақ «Аяла» отбасын қолдау орталығына алғыс білдірді.