Үшінші рет есірткіден мас болып көлік басқарған жүргізуші ұсталды
Ақтөбеде патрульдік полиция қызметкерлері қызмет атқару барысында жол қозғалысы қағидаларын бұзған Toyota Sienna автокөлігін тоқтатты. Көлікті басқарған 32 жастағы жүргізушінің мінез-құлқы полицейлердің күдігін туғызған, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Медициналық куәландыру нәтижесінде оның есірткі заттарының әсерінде болғаны анықталды.
Жүргізушінің жеке басын тексеру барысында оның мұндай құқық бұзушылыққа алғаш рет жол бермегені белгілі болды.
«2023 жылы аталған азамат есірткілік масаң күйде көлік жүргізгені үшін жауапкершілікке тартылып, 7 жылға жүргізуші құқығынан айырылған.
Алайда, тыйымға қарамастан, 2024 жылы ол қайтадан есірткілік масаң күйде көлік жүргізіп, сот шешімімен 6 ай мерзімге бас бостандығынан және өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылған.
Қатаң шараларға қарамастан, ер адам тағы да заң талабын елемей, көлік руліне отырып, айналасындағылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндірген», - делінген хабарламада.
Құқық бұзушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ер адамға бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Полиция қызметкерлері көлікті алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде басқару – азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін үлкен қауіп екенін ескертеді. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтік шаралар мен тексерулер тұрақты түрде жүргізіліп келеді.