Жамбыл облысында полицейлер қалың тұманда адасып кеткен қойшыны іздеп тапты, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
ІІМ-нің Telegram-дағы арнасында жарияланған мәліметке сүйенсек, Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы шаруа қожалықтардың бірінде екі күн бұрын қойшы 700 қоймен бірге құмды аумақта адасып кеткен.
Хабарлама келіп түскен сәтте жедел түрде оқиға орнына шыққан полиция қызметкерлері іздестіру жұмыстарын жүргізген.
Полицейлердің жедел әрі кәсіби әрекетінің нәтижесінде қойшы бір тәулікке жетпей аудан орталығынан 200 шақырым жерден малымен бірге табылған.
Үш күндей тамақ ішпей әлсіреп қалған ер адам полиция қызметкерлеріне алғысын айтты.
«Түнде тоңып қалмау үшін ұйықтамауға тырыстым. Үш күнге жуық тамақ ішпегендіктен әлсіреп қалдым. Мені тапқан полиция қызметкерлері жағдайымды көріп, бірден жылы орынға апарып, айран мен нан берді. Алғысым шексіз», - деді ол.