Ұлттық тауарлар каталогы бытыраңқы анықтамалықтар мәселесін шешіп, елдегі тауар есебін жеңілдетеді
Ұлттық тауарлар каталогы – бұл тауардың цифрлық паспорты, құжаттамасы немесе толық профайлы. Яғни цифрлық база тауардың шыққан жерінен бастап, оның түпкілікті өткізілуіне дейінгі толық картинаны көруге мүмкіндік береді. Бірыңғай тауар карточкаларын жасау бизнестің жұмысын жеңілдетуге, тауар ағымдарын мемлекеттік талдаудың сапасын арттыруға, сондай-ақ тұтынушылардың нақты тауар туралы ақпарат алуын күшейтуге ықпал етеді, деді сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, осы уақытқа дейін әртүрлі мемлекеттік жүйелерде түрлі классификаторлар қолданылып келді: тауарлар, жұмыстар және қызметтердің бірыңғай анықтамалығы, қазақстандық тауардың сәйкестендіру нөмірі (KZ TIN), сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы (СЭҚ ТН), экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші (ЭҚ ЖЖ), экономикалық қызмет түрлері бойынша өнім жіктеуіші (ЭҚ ӨЖ).
«Бір тауар әртүрлі жүйелерде әрқалай аталып келді. Соның салдарынан қателер, қайталанулар, процестердің баяулауы және есепке алуда қиындықтар болды. ҰТК бұл кедергілерді толық жояды. Біз тауардың атауы, құрамы, сипаттамалары, өндірушісі көрсетілген бірыңғай деректер көзін әзірлеп жатырмыз. Мұның бәрі бірегей National Trade Item Number (NTIN) коды арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл код кейін электронды шот-фактураларда, тауарларға ілеспе жүкқұжаттарда, кассаларда және басқа жүйелерде қолданылады», – деді спикер.