Ұлттық спорт күні: елордадағы мектепте мұғалімдер арасында қазақ күресі ұйымдастырылды

Ұлттық спорт күні: елордадағы мектепте мұғалімдер арасында қазақ күресі ұйымдастырылды
Фото: Салтана Мұратқызы

Наурызнама онкүндігі аясындағы Ұлттық спорт күнінде еліміздің барлық білім беру ұйымдарында «Ұлттық ойындар керуені» атты бірыңғай республикалық акция өткізіліп жатыр. Сондай іс-шаралардың бірі Ыбырай Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылып, Астана қаласының білім беру қызметкерлерінің арасында қазақ күресінен командалық жарыс өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Жарыстың ашылу салтанатына Астана қаласы Білім басқармасының, Астана қаласы )азақ күресі федерациясының, Астана қаласының Білім беру қызметкерлері кәсіподағының өкілдері қатысып, палуандарға сәттілік тіледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шара жастарды салауатты өмір салтына баулу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Аталған жарыс білім басқармасының және кәсіподақ ұйымының қолдауымен өткізілуде.

«Өздеріңіз білесіздер, Наурызнама онкүндігінде әр күн белгілі бір тақырыпқа арналған. Соның бірі — Ұлттық спорт күні. Биыл мұғалімдер арасында өтетін спартакиада осы атаулы күнмен тұспа-тұс келіп отыр. Биылғы спартакиаданың жаңашылдығы сол – спорт түрлерінің қатарына қазақ күресі енгізілді. 

Аталған жарыс білім беру мекемелерінің қызметкерлері арасында өтіп жатыр. Сайысқа тәжірибелі, білікті ұстаздар қатысады. Жалпы, жарысқа кез келген пән мұғалімі қатыса алады. Алгебра, қазақ тілі немесе денешынықтыру пәнінің мұғалімі болсын — ешқандай шектеу жоқ. Қатысушылар тек жас ерекшелігі мен салмақ дәрежесіне қарай бөлінеді. Команда құрамы 5 адамнан тұрады. Олар 60, 66, 74, 82, +90 келі салмақ дәрежесінде өзара бақ сынайды. Нәтижесінде жеңіске жеткен командалар келесі кезеңге өтеді.

Бүгінгі сайыс тартысты да қызу өтіп жатыр. Нәтижесінде ең мықты қатысушылар жеңіске жетеді деп сенеміз. Мен қалалық балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығының директоры ретінде барлық қазақстандықтарды, қала тұрғындарын келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтаймын», - деді «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығының директоры Ғинаят Сыздықов.

Қазақ күресіне 100-ге жуық палуан қатысып, боз кілемде белдесті. 

«Мен №24 мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін. Қазақ күресімен 2018 жылдан бастап, ересектер санатында тұрақты түрде шұғылданып келемін. Өзімді осы спортта шыңдап, тәжірибе жинақтадым. Қазіргі таңда мұғалімдер арасындағы спартакиадаға қатысуға шақырту алып отырмын. Мұндай спорттық іс-шаралар мұғалімдер арасында жиі ұйымдастырылатындықтан, мен де өз мектебімнің намысын қорғап, бар күшімді салуға дайынмын. Қазіргі жарыста 60 келі салмақ дәрежесінде қазақ күресінен сынға түсіп жатырмын», - деді денешынықтыру пәні мұғалімі Марат Жүкібаев.

Айта кетейік, жарыс жеңімпаздарына арнайы медальдар, кубоктар және түрлі марапаттар табысталмақ.