Ұлттық құраманың ең жас шаңғышысы Әмірғали Мұратбеков: Милан Олимпиадасының алдында аздап қобалжу бар
Қазақстан шаңғы спортында жаңа есім пайда болды. Ұлттық құраманың ең жас спортшысы, 20 жастағы Әмірғали Мұратбеков Милан-2026 Қысқы Олимпиадасына қатысып, ел намысын қорғайды. Ол Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында жас өрен әлемдік көшбасшылармен бәсекеге дайын екендігін жеткізді.
- Милан-2026 Олимпиадасына алған жолдамаңыз құтты болсын! Шаңғыдан ұлттық құрамадағы ең жас спортшы екендігіңізді ескерсек, қобалжу сезімі бар ма? Олимпиадаға барамын деп ойладыңыз ба?
- Көп рахмет сізге! Милан Олимпиадасының алдында қобалжу сезімі бар. Қазақстанның атынан сынға түсетіндіктен, жауапкершілікті сезінемін. Жеке өзім Олимпиада ойындарына баруды 2020 жылы алдыма мақсат ретінде қойып, жұмыс істедім. Міне, көптен күткен сәт те келіп жетті. Осы маусымда алғаш рет ересектер арасында әлем Кубогында дебют жасап, Финляндия, Норвегия, Швейцарияда бағымды сынап көрдім.
- 1994 жылдан бері Қазақстан 8 қысқы Олимпиадаға қатысып үлгерді. Шаңғышылар арасындағы алғашқы қазақ 2014 жылы Сочи Олимпиадасында ту ұстаушымыз Ердос Ахмадиев екен. Бапкеріңіз әрі жерлесіңіз ретінде Ердос Ахмадиев сіздің спортшы ретінде қалыптасуыңызға қосқан үлесі зор шығар?
- Иә, 2025 жылы Ердос Ахмадиев ұлттық құраманың бас бапкері болып тағайындалды. Ол менің жеке бапкерім де болды. Спортшы ретінде қалыптасуыма ықпалы зор болды. Қазір де бас бапкер ретінде тәжірибесімен бөлісіп, үнемі қолдау көрсетіп келеді.
- Қазақ балалары көп жағдайда жазғы спорт түрін таңдап жатады. Сіздің шаңғыны таңдауға не себеп болды?
- Бұл пікірмен келісемін. Ал мені шаңғы спортына әкем алып келді. Өзім туып-өскен Абай облысы, Үржар ауданында қыста қар қалың жауады. Сондықтан шаңғы тебу жергілікті халықтың күнделікті әдетіне айналған деуге болады. Айта кетейін, 2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасында Қазақстан туын алып шыққан биатлоншы Диас Кенешов те – Үржардың тумасы. Сонымен қатар биыл Милан Олимпиадасына қатысатын биатлоншы Айша Рақышева да осы өңірден шыққан.
- Шаңғы спортынан Ақмола мен Қостанай облысының өкілдері ел ішіндегі жарыстарда үнемі фаворит саналады ғой. Ал сіздің үздіктермен бәсекелесуге, өсуіңізге кім әсер етті?
- Иә, Ақмола мен Қостанай облыстары үздіктер қатарына кіреді. Бірақ Абай облысы да қалыспай келеді. Мысалы, 2025 жылы Ернар Нұрысбеков қысқы Азия ойындары мен әлем чемпионатында ел намысын қорғаған болатын. Одан бөлек, Дидар Қасенов, Еламан Қожебек секілді жерлестерім бар. Солармен бірге дайындалып, шеберлігімді шыңдадым. Болашақта Абай облысы үздіктер қатарына кіреді деп толықтай сенемін.
- Шаңғы спортында қазақ балаларын көп көре бермейміз ғой. Кәсіби түрде айналысып жүрген жігіттер көп пе?
- Шаңғы спортында жас қазақ балалары айтарлықтай көп. Мысалы, 2025 жылы Щучинскте өткен қысқы Спартакиадада Абай облысы, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Ақтөбе облысындағы жігіттердің құрамы толықтай дерлік қазақ жігіттерінен құралды. Қазіргі ұлттық құрама буынын бірнеше жылдан кейін қазақ балалары ауыстырады деп ойлаймын.
- Милан Олимпиадасының трассасы сізге қаншалықты таныс? Жеке өзіңіз қандай мақсатты көздейсіз? Сіздің қандай мықты тұсыңыз бар?
- Милан Олимпиадасында шаңғы жарысы спортынан Валь ди е Фиемме трассасында өтеді. Жеке өзіме трасса мүлдем таныс емес. 2025 жылы Италияда қысқы Универсиада мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысқаныммен, жарыстар басқа қалада өткен еді. Менің мақсатым – Еуропаның қарына үйрену. Еуропа қары біздікінен қарағанда өте өзгеше. Мықты тұсым - жақын қашықтықтан қарағанда, ұзақ қашықтықты құрайтын жарыстарды жақсы жүгіремін.

Фото: Спортты дамыту дирекциясы
- Осы спорт түрінде Норвегия құрамасы айқын фаворит қой. Олардың басты күші неде деп ойлайсыз? Жарыс барысында олардың қарқыны сізді таңғалдырған шығар?
- Норвегия құрамасы өте мықты құрама. 2025 жылғы әлем чемпионатында ерлер арасындағы 6 сайыс түрінде де Норвегия алтыннан алқа тақты. Йоханнес Клебо де бір чемпионатта 6 алтын жүлдені еншіледі. Алдағы Олимпиадада да барлық алтын медальді алса, таңғалмаймын. Норвегия құрамасындағы бәсекелестік, методика, географиялық тұратын жерлері және т.б ерекшеліктер оларды фаворит ететіні анық.
- Спорттан тыс уақытта немен айналысасыз?
- Бос уақытымда демалып, қалпыма келуге тырысамын. Мүмкіндік болса, ауылға барып, отбасыммен бірге уақыт өткіземін.
- Іздер жарыс барысында түрлі ауа-райында сайысқа түсесіздер ғой. Қандай сәтте қолайлы? Ауа-райы да спортшыға рөл ойнай ма?
- Ауа райы шешуші рөл атқарады. Әсіресе шаңғыны дайындау тәсілдері мен майлау түрлері өзгереді. Өз басым орташа салқын ауа райын қолайлы санаймын.
- Шаңғының ең қиын кезеңі - соңғы шақырымдар дейді ғой. Расымен солай ма? Сіз сол сәтке қалай дайындаласыз?
- Иә, соңғы шақырымдарда физикалық та, психологиялық та қиындық болады. Сол себепті жаз айларынан бастап төзімділікті арттыруға ерекше көңіл бөлеміз.
- Сұхбатыңызға рахмет!