Ұлттық комиссия балалардың қауіпсіздігіне қатысты үндеу жасады
Жаз мезгілінде балалардың жол-көлік оқиғаларына ұшырау және жарақат алу жағдайларының жиілеуіне байланысты ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ата-аналар мен жүргізушілерді балалар қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ұлттық комиссияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Комиссияның мәліметінше, жаз мезгілінде балалардың үйден тыс жерде көп уақыт өткізуі олардың қауіп-қатерге ұшырау ықтималдығын арттырады. Осы кезеңде олар көшеде, аулада, ойын алаңдарында жүріп, велосипед, самокат теуіп, демалыс орындарына барады.
Осыған байланысты Ұлттық комиссия ата-аналарды, жүргізушілерді және барлық азаматтарды жазғы демалыс кезінде балалардың өмірі мен денсаулығына ерекше жауапкершілікпен қарауға шақырды.
«Балалардың өмірі мен денсаулығы – отбасының, қоғамның және мемлекеттің ортақ жауапкершілігі. Ешқандай алдын алу шаралары ересектердің қырағылығы мен жанашырлығын алмастыра алмайды», – делінген Ұлттық комиссияның үндеуінде.
Ата-аналарға балаларға жолда, аулада, су айдындары маңында және табиғат аясында қауіпсіздік ережелерін тұрақты түрде түсіндіру, жолды тек жаяу жүргіншілер өткелімен кесіп өту қажеттігін ескерту ұсынылды.
Сонымен қатар, балаларды қараусыз қалдырмау, үйдегі қауіпсіздікке мән беру, қауіпті заттардың қолжетімсіз жерде сақталуын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.
Жүргізушілерге тұрғын үйлер, аулалар, саябақтар мен балалар алаңдары маңында аса мұқият болу, жылдамдықты сақтау және көлік жүргізу кезінде мобильді құрылғыларды пайдаланбау ескертілді.
Еске салайық, бұған дейін елімізде балалар жарақатының алдын алу бойынша ауқымды акция өткені туралы жаздық.