Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде белгіледі

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде белгіледі
Фото: Оңалхан Өнерхан

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 18% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Оның мәліметінше, жылдық инфляция наурызда 11%-ға дейін баяулады. Азық-түлік инфляциясы – 11,7%, азық-түлікке жатпайтын инфляция – 11,3%, сервис инфляциясы – 10,0% болды.

Инфляцияның баяулауына бірқалыпты қатаң ақша-кредит шарттары, айырбас бағамының қолайлы серпіні, тұтынушылық кредиттеу қарқынының баяулауы аясында тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы, сондай-ақ ТКҚ мен ЖЖМ бағасын өсіруге қойылған мораторий мен Үкіметтің басқа да инфляцияға қарсы шаралары септігін тигізді.

«Қазіргі деректерге сүйсенсек, 2026 жылғы қаңтар-наурыз айларында экономиканың өсімі жылдық мәнде 3,0%-ды құрады. Мұнай секторындағы динамиканың бәсеңдегеніне қарамастан, басқа салалардағы жоғары іскерлік белсендiлiктiң арқасында экономиканың даму көрсеткіші тұрақты сипат алып отыр. Әсіресе, құрылыста, көлік пен өңдеу өнеркәсібінде және сауда саласында жоғары өсу қарқыны байқалады», деп мәлімдеді Ұлттық банк. 

Ведомство қазіргі инфляцияның баяулау үрдісін алдағы уақытта бекіте түсу қажет деп санайды. Ақша-кредит шарттарын жұмсартпас бұрын, реттелетін бағалар мен тарифтер реформасы қайта жанданған жағдайда және екінші жартыжылдықта квазифискалдық импульстің күшеюі аясында дезинфляциялық процестiң қаншалықты орнықты екенін растап алу қажет. Сонымен қатар, экономиканың салық саласындағы өзгерістерге бейімделу барысына талдау жасап, сыртқы экономикалық ахуалды мұқият қадағалап отыру маңызды.

«Егер қазіргі үрдістер сақталып, күтпеген жағдай орын алмаса, Ұлттық банк алдағы шешімдерінде базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастыруға дайын», делінген хабарламада. 

Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешім 5 маусымда сағат 12:00-де жарияланады.

Еске салсақ, Ұлттық банк екінші жартыжылдықта базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастырмақ болды.