Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18,0% деңгейінде сақтап қалды

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18,0% деңгейінде сақтап қалды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 пайыз дәлізімен жылдық 18,0% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ұлттық банктің мәлімдеуінше, бұл шешім болжам раундының нәтижесіне, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған бағалауы мен инфляция тәуекелдерінің теңгеріміне сүйене отырып қабылданған. 

«Жылдық инфляция 2026 жылғы ақпанда болжамдарға сай келіп, 11,7%-ға дейін төмендеді (қаңтарда – 12,2%). Инфляцияның барлық компоненті қарқынның төмендеп келе жатқанын көрсетіп отыр. Азық-түлік тауарлары бойынша бағаның өсуі 12,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша – 11,6% , ақылы қызметтер бойынша – 10,8% болды», делінген хабарламада.

Айлық инфляция 2026 жылғы ақпанда жеделдеп, 1,1%, базалық инфляция ақпанда 0,8% болды.

2026 жылға ЖІӨ-нің өсу болжамы 3,5-4,5% аралығында сақталған.

Ұлттық банк инфляция тұрақты баяуласа және жаңа инфляциялық шоктар болмаса екінші жартыжылдықта базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастырмақ. Ал, базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 24 сәуірде жарияланады.

Еске сала кетсек, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 23 қаңтарда белгілеген еді.