Ұландықтар самбодан елорда чемпионатының жүлдегерлері атанды

Бүгін, 18:06
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Ұландықтар самбодан елорда чемпионатының жүлдегерлері атанды
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен

Самбодан Астана қаласының чемпионаты өтті. Беделді жарыста ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Астана гарнизонының әскери қызметшілері жоғары деңгейдегі дене және кәсіби даярлықтарын көрсетті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Турнир қорытындысы бойынша 5573 әскери бөлімінің жауынгерлік дайындық бөлімшесінің аға маманы (аға нұсқаушысы) аға сержант Бекзат Алтынбаев 88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарсыластарын сенімді түрде жеңіп, алтын медаль иеленді.

Команданың қоржынына тағы бір алтын жүлдені арнайы құралдарды қолдану бөлімшесінің аға жауынгері, ефрейтор Жандос Сейтенов салды. Ол 98 келіден жоғары салмақ дәрежесінде чемпион атанды.

79 келі салмақ дәрежесінде Ұлттық ұланның спорт командасын даярлау орталығының спорт жөніндегі аға нұсқаушысы, ефрейтор Айбоба Азатбек қола медаль жеңіп алды.

Жарыс нәтижелері бойынша аға сержант Бекзат Алтынбаев пен ефрейтор Жандос Сейтенов іріктеу сынақтарынан сәтті өтіп, 8-11 ақпан күндері Қарағанды қаласында өтетін самбодан Қазақстан чемпионатына жолдама алды.

Бұған дейін Милан-2026 Олимпиадасына баратын спортшылар қаншалықты тәжірибелі екенін жаздық.