Милан-2026 Олимпиадасына баратын спортшылар қаншалықты тәжірибелі

Милан-2026 Олимпиадасына баратын спортшылар қаншалықты тәжірибелі
Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі

Тура 2 аптадан кейін Италияның Милан және Кортина д’Ампеццо қаласында XXV қысқы Олимпиада ойындары басталады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ал осы күндері іріктеу кезеңдері ресми түрде аяқталып, лицензиялар үлестірілді.

Қазақстаннан неше спортшы қатысады?

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан құрамасы қысқы Олимпиада ойындарына 9-мәрте қатысқалы отыр. Милан–2026 Олимпиадасының басты ерекшелігі – гендерлік теңдік. Биыл елімізден 18 ер және 18 әйел, барлығы 36 спортшы Олимпиада лицензиясын жеңіп алды. Бұл көрсеткіш Бейжің–2022 ойындарымен салыстырғанда екі спортшыға көп.

Құрама қаншалықты тәжірибелі?

Қысқы Олимпиада ойындарында 5 отандасымыз ғана жүлде тұғырына шыққаны белгілі. Сондықтан тәжірибелі спортшылардың рөлі ерекше. Биыл фристайл-могулдан 2018 жылғы Пхёнчхан Олимпиадасының қола жүлдегері Юлия Галышева биыл өз мансабында 5-рет жүлдеге талас жүргізеді. Дәл осындай көрсеткішке шаңғышы Елена Володина-Антонова мен фристайлшы Дмитрий Рейхерд қана жете алған болатын.

Сонымен қатар шорт-тректен Абзал Әжғалиев пен Денис Никиша Олимпиадаға төртінші рет қатарынан қатыспақ. Абзал 2022 жылы Бейжіңде 500 метр қашықтықта жүлдеге бір қадам жетпей, төртінші орын алған. Ал Денис Никиша кейінгі 2 әлем чемпионатында күміс жүлде иеленіп, жоғары деңгейдегі тұрақтылығын дәлелдеді.

Қазақстан құрамасы сапынан мәнерлеп сырғанаудан Бостонда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаил Шайдоров пен фристайл-могулдан әлем чемпионатының екі мәрте қола жүлдегері Анастасия Городко да сынға түседі.

Бейжің Олимпиадасынан қандай ерекшелік бар?

2022 жылғы Олимпиадамен салыстырғанда, Қазақстан спортшылары бұл жолы 10 спорт түрінен бақ сынайды. Сондай-ақ мәнерлеп сырғанаудан отандастарымыз 8 жылдық үзілістен кейін қайта Олимпиадаға қатысу құқығына ие болды.

Неше спортшы дебют жасайды?

Құраманың ең жас мүшесі - фристайл-акробатикадан қатысатын 16 жастағы Асан Асылхан. Милан Олимпиадасы оның мансабындағы ең ірі жарыс болғанымен, спортшының еншісінде Азия ойындарының күміс жүлдесі бар.

Олимпиадаға қатысатын 36 спортшының 18-і алғаш рет төртжылдықтың басты додасына жолдама алды. Дебютанттардың арасында шаңғымен тұғырдан секіруден 2024 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы Илья Мизерных та бар.

Олимпиадаға баратын спортшылардың тізімі:

Фристайл-могул - Павел Колмаков, Юлия Галышева, Аяулым Әмренова, Анастасия Городко.

Фристайл-акробатика - Дінмұхаммед Райымқұл, Шерзод Хаширбаев, Роман Иванов, Асан Асылхан, Аяна Жолдас.

Биатлон - Владислав Киреев, Әсет Дюсенов, Милана Генева, Айша Рақышева.

Тау шаңғысы спорты - Ростислав Хохлов, Александра Скороходова. 

Шаңғы қоссайысы - Шыңғыс Ракпаров.

Шаңғы жарысы - Әмірғали Мұратбеков, Наиль Башмаков, Виталий Пухкало, Анна Мельник, Дарья Ряжко, Ксения Шалыгина, Надежда Степашкина.

Шаңғымен тұғырдан секіру - Данил Васильев, Илья Мизерных.

Конькимен жүгіру спорты - Евгений Кошкин, Кристина Силаева, Елизавета Голубева, Надежда Морозова, Арина Ильященко.

Шорт-трек - Абзал Әжғалиев, Денис Никиша, Ольга Тихонова, Яна Хан.

Мәнерлеп сырғанау - Михаил Шайдоров, Софья Самоделкина.

Айта кетейік, XXV қысқы Олимпиада ойындары 6 ақпанда басталады.
Еске салсақ, бұған дейін теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңінде Канадамен кездесетінін хабарладық.