Туристік аймақтарға апаратын бірқатар жол учаскесі жаңартылады

Туристік аймақтарға апаратын бірқатар жол учаскесі жаңартылады
Фото: Көлік министрлігі

Республикалық жолдарды орташа жөндеудің ауқымды жобасы аясында елдегі туристік аймақтарға апаратын бірқатар жол учаскесі жаңартылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz. Көлік министрлігіне сілтеме жасап. 

Атап айтқанда, Жаңаөзен – Кендірлі, Өскемен – Қатонқарағай, Көкшетау – Зеренді, Кеген – Қырғызстан шекарасы, Қалқаман – Баянауыл автожолдары қамтылады. 

Туризмді дамыту бағытындағы маңызды жобалардың ішінде «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты ерекше маңызға ие, ол болашақта Каспий теңізіне апаратын жолды ашады. «Орталық – Батыс» дәлізі Торғай өңіріндегі туристік аймақтарды елордамен байланыстырып, саяхатшылар үшін жаңа бағыттарды қалыптастырады. Ал «Өскемен – Рахман қайнары» жобасы Шығыс Қазақстанның туризм саласын дамытуға серпін береді.  

Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар туристік аймақтарға қолайлы қатынауды қамтамасыз етуге бағытталған 33 өңірлік жобаны іске асырылып жатыр. 

Бұған қоса, «ҚазАвтоЖол» компаниясы облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жол бойындағы сервисті дамыту үшін биыл 50 жаңа нысан салуды жоспарлап отыр. Кәсіпкерлерді қолдау үшін нысандарды күтіп ұстау шығындарының орнын толтыру көзделген.

Алакөл көлінің жағалауына көлікпен жетуді жақсартуға ерекше назар аударылды. Осы бағытта ұзындығы 8,2 км болатын «Қабанбай ауылының айналмажолын салу» жобасы әзірленді, ол елдімекендегі транзиттік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Еске салсақ, биылғы жол-құрылыс маусымы басталды. Ресспубликалық жолдарды орташа жөндеу жалпы 122 нысанды қамтиды. Оның ішінде 73-і өткен жылдан жалғасқан болса, 49-ы — жаңа жоба.