Tinder-де қыздың атынан жалған парақша ашқан алаяқ танысын 4 млн теңгеге алдаған

Tinder-де қыздың атынан жалған парақша ашқан алаяқ танысын 4 млн теңгеге алдаған
Фото: pexels.com

Танысуға арналған Tinder қосымшасына әйел адамның атымен «Нұрай» деп тіркеліп, сол жерден тапқан танысынан алдап-арбау арқылы 4 млн теңге алған алаяққа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

20 жастағы Астана тұрғыны танысуға арналған Tinder қосымшасына әйел адамның атымен «Нұрай» деп тіркеліп, өзінің Telegram аккаунтына сілтеме қалдырған. Қосымшада жәбірленушімен тілдесіп, кездесуге уәде беріп, әртүрлі сылтаумен одан ақша сұрай бастаған.

Сот айыпталушыны ақпараттық жүйе пайдаланушысына қатысты ірі көлемде жасалған алаяқтық үшін кінәлі деп таныды.

«Жасаған ісіне шын өкінуі, келтірілген мүліктік залалды өз еркімен өтеуі және ауырлататын мән-жайлардың болмауы ескеріле отырып, сот үкімімен оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді», – делінген хабарламада.

Алаяқтың арам пиғылынан бейхабар болған жәбірленуші үш айға жуық уақыт ішінде өз қолымен аударған қаржысы 4 млн теңгеден асыпты.

«Интернеттегі сенім үлкен шығынға әкелуі мүмкін. Виртуалды «таныстардың» арбауына түспеуге және сақ болуға шақырамыз», - деп ескертті Бас прокуратурадан.

Бұған дейін Жетісу облысында полицейлер алаяққа 2 млн теңге аудармақ болған зейнеткерді дер кезінде құтқарғанын жаздық.