Теміртауда қасақана шырша өртеген тұрғын 10 тәулікке қамалады
Теміртау қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған сотында Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 147-1 б. 1 б. Б.-ға қатысты іс қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сот 2025 жылдың 31 желтоқсанында сағат 18:10 шамасында Б., Теміртау қаласы, Блюхер көшесі, №33/1 үйдің төртінші подъезінің бірінші және екінші қабат аралығындағы баспалдақ алаңында болып, қасақана бөтен мүлікті жойғаны, яғни шыршаны өртегенін анықтады.
Бұл мән-жайлар әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, бейнебақылау камерасының бейнежазбаларымен, арызданушы мен куәлардың көрсетулерімен, сот отырысында зерттелген басқа да дәлелдемелермен расталды.
«Сотта Б., өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтты.
Соттың 2026 жылғы 3 қаңтардағы қаулысымен Б., ӘҚБтК-нің 147-1 б. 1 б. көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 10 (он) тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза қолданылды», - делінген хабарламада.
Әкімшілік жаза тағайындау кезінде сот жасалған құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, құқық бұзушының жеке басы туралы деректерді, оның құқық бұзушылыққа дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын, оның мүліктік жағдайын, жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайдың болуын – өкінуді, ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескерді.
Соттың қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті былтыр 20 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кескенін жаздық.