ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5513 әскери бөлімінің базасында әскери тәрбиешілерге арналған «Тәрбиеші PRO» мобильді қосымшасы сынақтан өтуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Бұл цифрлық өнім уақыт пен ресурсты айтарлықтай үнемдеуге, сондай-ақ Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, генерал-майор Аңсаған Балтабековтің цифрлық технологияларды құқықтық тәртіп әскерлерінің жауынгерлік қызметіне енгізу жөніндегі тапсырмаларын жүйелі түрде орындауға бағытталған.
Жаңа құралды тәжірибеден өткізу мақсатында рота командирлерінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарларына салтанатты түрде планшеттер табысталды. Дәл осы санаттағы әскери қызметшілер күн сайын сабақ жоспары, конспектілер дайындауға және оқу материалдарын іздеуге көп уақыт жұмсайды.

«Мобильді қосымша тәрбие және оқу жұмыстарының барлық үдерістерін жеңілдетіп, бір цифрлық кеңістікте қажетті материалдарға жылдам әрі оңай қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Осы саланың мамандары әзірлеген барлық ақпарат біркелкі форматта ұсынады. Бұл сапа мен озық тәсілді сақтай отырып, мерзімді әскери қызметшілерді оқытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қосымшаны пайдалану қағазбастылықты шамамен 70 пайызға дейін қысқартады.
Командирлердің ТжӘҚЖ жөніндегі орынбасарлары мемлекеттік-құқықтық дайындық сабақтарында инновациялық құралды офицерлер, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер және мерзімді әскери қызметшілермен жұмыс барысында белсенді қолдана бастады», - делінген хабарламада.
Ал Ұлттық ұланның түрлі санаттағы әскери қызметшілері үшін қосымша қызметтен тыс уақытта мемлекеттік-құқықтық дайындық тақырыптарын өз бетінше оқуға және конспект жасауға, жедел түрде құқықтық онлайн-кеңестер алуға, сондай-ақ Ұлттық ұландағы қызметті реттейтін нормативтік-құқықтық құжаттармен танысуға мүмкіндік береді.
Push-хабарламасы бар қосымшаның ыңғайлы интерфейсі екі тілде әзірленіп, планшет пен смартфонға бірдей бейімделген. Сондай-ақ конспектілер, слайдтар мен бейнематериалдарды портативті проекторлар мен Smart TV-де көрсету функциясы оқу үдерісін көрнекі әрі заманауи етеді.

«Тәрбиеші PRO» мобильді қосымшасы – тәрбие жұмысын цифрландыру бағытындағы маңызды қадам. Бұл қосымшада қолайлылық, тиімділік пен бақылаудың мүмкіндіктері бірыңғай цифрлық форматқа біріктірілген. Пилоттық жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда, бұл тәжірибе Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдеріне таратылатын болады.