Су саласының мамандары мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды

Бүгін, 21:05
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Су саласының мамандары мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрлігінде салтанатты іс-шара өтіп, ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов су шаруашылығы саласында еңбек ететін аруларды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шара барысында министр су саласының дамуына ерекше үлес қосқан қызметкерлерге мемлекеттік және ведомстволық наградалар табыстады.

«Құрмет» орденімен «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының өндірістік-техникалық бөлімінің бас маманы Дарқаш Қасымова және «Қазсушар» РМК Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалына қарасты Бартоғай өндірістік учаскесінің инженер-гидротехнигі Қайратқан Құтбанова марапатталды.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен «Қазсушар» РМК Қ.Сәтбаев атындағы канал филиалы Қарағанды пайдалану басқармасының диспетчері Марина Киямова және Су ресурстары және ирригация министрлігінің Қаржы департаменті директорының орынбасары Халида Алина наградталды.

«Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Жерасты сулары департаменті басқармасының бас маманы Салтанат Жағыпарова, «Қазсушар» РМК Су пайдалану департаментінің жетекші сарапшысы Гүлмира Қыстаубаева және ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитеті жобаларының қаржылық мәселелер жөніндегі бас кеңесшісі Айгүл Жақыпбаева марапатталды. Сонымен қатар тағы бес маманға Құрмет грамоталары табысталды.

«Су шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген барлық аруларымызды Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге табанды әрі тынымсыз еңбектеріңіз үшін алғыс айтып, денсаулық, бақыт және кәсіби қызметте де, жеке өмірде де табыс тілеймін. Қазақстанның су ресурстарын қорғау мен елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету сіздердің білімдеріңіз бен кәсібиліктеріңізге, тәжірибелеріңізге тікелей байланысты. Біз сіздердің ақыл-парасаттарыңызға, табандылықтарыңызға әрдайым тәнтіміз. Әрдайым осындай көркем әрі мейірімді болып, қастарыңызда жүрекке жақын жандар болсын», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.