Референдум-2026

Стоматологиядағы ұрлық: елорда полицейлері күдіктіні ұстады (ВИДЕО)

Бүгін, 17:31
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Стоматологиядағы ұрлық: елорда полицейлері күдіктіні ұстады (ВИДЕО)
Фото: видеодан скрин/police_astana

Астана полицейлері стоматологиялық клиникаға заңсыз кіріп, ұрлық жасаған күдіктіні анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Қылмыскер мекеменің жабық тұрғанын пайдаланып, кілт таңдау арқылы ғимарат ішіне кірген. Жеке басын жасыру мақсатында қылмыс жасамас бұрын басына қара түсті шұлық киген.

«Клиникадан ол ноутбуктер, гаджеттер мен сейфті жасырын түрде алып кеткен. Келтірілген жалпы шығын шамамен 2 миллион теңгені құрады.

Бет-жүзін жасыруға тырысқанына қарамастан, ер адам бүркеніш тақпай тұрып-ақ көшедегі бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Бейнежазбаларды зерделеу барысында полицейлер оның жеке басын анықтады. Ол 34 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды», - делінген хабарламада.

Полиция ұйым басшыларына өз мүлкінің қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды ескертеді. Сенімді құлыптар, күзет дабылы, бейнебақылау жүйелері және материалдық құндылықтарды қауіпсіз жерде сақтау ұрлық жасау қаупін едәуір төмендетеді.

Егер күдікті әрекеттерге куә болсаңыз немесе қылмыс туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, дереу 102 нөмірі арқылы полицияға хабарлаңыз.

Еске сала кетейік, астаналық полицейлер ауруханада алтын әшекейлер ұрлаған күдіктіні ұстады.