ШҚО-да тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі тиіс 800-ден астам тұрғынның құқығы қорғалды
Ұлан ауданының прокуратурасы халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің заңдылығы мәселелерін талдау барысында азаматтардың конституциялық құқықтарының өрескел бұзылу фактілерін анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасына сілтеме жасап.
Анықталғандай, аудандық ауруханада диспансерлік есепте тұрған 811 азамат мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек шеңберінде қажетті дәрілік заттармен уақытылы қамтамасыз етілмеген.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша заңбұзушылықтар жойылды. Пациенттер қажетті дәрі-дәрмектермен толық көлемде қамтамасыз етіліп, азаматтардың бұзылған конституциялық құқықтары қалпына келтірілді.
Прокурордың ұсынысы бойынша кінәлі лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Азаматтардың денсаулығын сақтауға арналған конституциялық құқықтарының сақталу мәселелері прокуратураның ерекше бақылауында.
Еске салайық, бұған дейін елімізде тегін дәрі-дәрмек алушылар саны 3,4 млн-ға жеткені туралы жаздық.