Шомылу маусымы басталды: астаналық ТЖД қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды

Бүгін, 09:31
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Шомылу маусымы басталды: астаналық ТЖД қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті шомылу маусымының басталуына байланысты су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша профилактикалық және жедел іс-шараларды күшейтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта құтқарушылар күн сайын Есіл өзенінде патрульдеу жүргізеді, ал қауіпті учаскелерде үш мобильді құтқару бекетінің жұмысы ұйымдастырылған.

Тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіз демалысы үшін шомылуға арналған ресми бес орын белгіленген. Жабдықталмаған және қауіпті учаскелерде шомылуға тыйым салынғаны туралы ескерту белгілері орнатылған.

«Судағы жазатайым оқиғалардың басым бөлігі шомылуға арналмаған орындарда болады. Сондықтан тұрғындар мен қала қонақтарын тек ресми жағажайларда демалуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және мас күйінде суға түспеуге шақырамыз», – деді Астана қаласы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Бауыржан Ахметалин.

Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Өткен шомылу маусымында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында ТЖД қызметкерлері 176 әкімшілік хаттама толтырды.

Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды қауіпсіздік шараларын сақтауға және өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Еске сала кетейік, елордадағы «Жетісу» саябағында балаларға қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.