Елордадағы «Жетісу» саябағында балаларға қауіпсіздік ережелері түсіндірілді
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Есіл ауданының прокуратурасы полиция басқармасымен бірлесіп, кәмелетке толмағандардың жазғы демалыс кезеңіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Қауіпсіз жаз» жобасы шеңберінде профилактикалық іс-шара өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы прокуратурасына сілтеме жасап.
«Жетісу» саябағында балаларға және олардың ата-аналарына құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық орында, жолда және су айдындарында қауіпсіздік қағидасын сақтау мәселесі бойынша түсіндіру жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар велосипед пен жеке мобильді құралдарды қауіпсіз басқару тәртібі түсіндірілді. Велосипедпен жүргенде кезінде жол қозғалысы қағидаларын сақтау мен сақтық шарасын ұстануға ерекше назар аударылды.
Іс-шара барысында қатысушыларға ақпараттық жадынама таратылып, жазғы демалысты қауіпсіз ұйымдастыру бойынша практикалық ұсыным берілді. Осындай іс-шараларды өткізу тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіз мінез-құлық дағдысын қалыптастыруға және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға ықпал етеді.