Шайбалы хоккейден Қытай астанасы Бейжіңде екінші Азия чемпионатында топ жарған отандастарымызды елорданың әуежайында құрметпен қарсы алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

20-23 қараша күндері бәсекеде Қазақстан, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай елдері өзара айналмалы жүйе бойынша мықтыны анықтады.
«Ұлттық құрама үшін Азия чемпионатының маңызы зор. Біріншіден, ойыншылардың әлеуетін тексеруге жаңа мүмкіндік. Өздеріңіз байқағандай, сары құрлықтың додасына көптеген жаңа хоккейшілер шақырылды. Екіншіден, жаңа есімдердің шығуы. Әлем чемпионатына дайындықты қазірден бастап кеттік. Осы турнир арқылы өзге де мықты хоккейшілерді байқай алдық. Енді желтоқсан айында «Бірінші арнаның» кубогінде Ресей мен Беларусь елдерімен сынға түсеміз», - деді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Жайлауов.

Отандастарымыз үш ойында да қарсыластарын қапы қалдырып, сенімді түрде чемпион атанды. Олар алғашқы ойында Оңтүстік Кореяны 4:2, одан кейін Қытайды 5:1, Жапонияны 4:3 есебімен жеңді.

Үш ойынның қорытындысы бойынша, Қазақстан сапынан Максим Мусоров (1 шайба + 6 нәтижелі пас) ең нәтижелі ойыншы болды.
Дәл қазіргі сәтте Азия құрлығы бойынша Қазақстан (13-орын), Жапония (20-орын), Оңтүстік Корея (23-орын), Қытай (25-орын) мемлекеттері әлемдік рейтинг кестесінде тұр.
«Қарсыластарымыз әлемдік рейтингте төмен тұрғанымен, әр ойын талас пен тартысқа толы болды. Азия құрлығының мемлекеттері шетелдік мамандарды шақырып, жыл сайын деңгейлері өсіп жатқаны байқалады. Одан бөлек, құрамамыздың аңыз ойыншысы Роман Старченкомен бірге ойнап, дебютті шайбамды соққаныма қуаныштымын», - деді Кирилл Ляпунов.

Сары құрлықтың додасы ең алғаш рет 2024 жылы Алматы қаласында басталып, жерлестеріміз алтын жүлдені еншілеген болатын.