Расул Тіленов: Арқан тартыста сапалық тұрғыдан көп ілгерілеу бар

Расул Тіленов: Арқан тартыста сапалық тұрғыдан көп ілгерілеу бар
Фото: Диас Калимжанов

2024 жылы 20 наурыз күні ресми түрде ұлттық спорт күні ретінде жарияланды. 2 жылдың ішінде елімізде алғаш рет 100-ге жуық мемлекеттің басын қосқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұйымдастырылып, ұлттық спорт түрлеріне мемлекет тарапынан да үлкен қолдау көрсетілді. Осы орайда Elordainfo.kz сайтының тілшісі арқан тартыс федерациясының атқарушы директоры Расул Тіленовпен сұхбаттасып, федерацияның қазіргі жағдайы мен жоспарын білді.

- Арқан тартыс федерациясының құрылғанына 2 жылдай уақыт өтті. Осы аралықта елімізде осы спорттың танымалдылығы артып келе жатыр ма?

​«Иә, ілгерілеушілік байқалады. Федерация жаңадан құрылған кезде жарыстарға 15 команданы әрең жинайтынбыз. Ал қазіргі таңда турнирлерге қатысуға ниет білдіретін командалар саны 40-тан асып жығылады. Басты жетістігіміз – жұрт бұл спортты тек той-томалақтың ермегі емес, нағыз кәсіби бағыт ретінде қабылдай бастады. Арқан тартыста сапалық тұрғыдан да көп ілгерілеу бар. 2024 жылы спортшылардың көбі арқанды тек физикалық күшке салып, тиімді техниканы білмей тартса, қазіргі жарыстарда барлық командалардың кәсіби деңгейі көрініп тұр. Федерация құрылғалы бері біз бұл спорттың ережелерін, әдіс-тәсілдерін жүйелеп, халықаралық стандарттарға жақындаттық. Қазір өңірлерде қызығушылық өте жоғары».

​- 2024 жылы Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жүлделі орыннан көріндіңіздер. Енді алдағы тамызда Қырғызстандағы Көшпенділер ойындарына дайындықтарыңыз қалай жүріп жатыр?

​«2024 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары біз үшін өте сәтті болды. Ерлер мен әйелдер құрамасы да күміс жүлдегер атанды. Бұл үлкен ұжымдық жұмыстың нәтижесі. Осы орайда, жеңіске өлшеусіз үлес қосқан жандарды атап өткім келеді. Бас демеушіміз Alageum Electric компаниясына және жекелей Еркебұлан Ілиясовқа, сондай-ақ «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК қолдаулары үшін алғыс айтамыз.

​Сонымен қатар федерация вице-президенттері Нұрлан Жабаев пен Бақдәулет Сәбитовтің, бапкерлеріміз Ерлан Уәлиев пен Рауан Қайырбаевтың еңбегі орасан.

Енді тамыз айында Қырғызстанда өтетін жарысқа жоғары деңгейдегі дайындықпен баруды жоспарлап отырмыз».

​- Арқан тартыс федерациясы басым спорттардың түріне енді ме? Қолдау жағы қалай болып жатыр?

​«Шынын айтсақ, біз әлі басым спорт түрлерінің тізіміне кірген жоқпыз. Қазіргі басты мақсатымыз – спорт түрлерінің тізіліміне (реестрге) ену және ресми танылу. Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Біз өңірлерде белсенді түрде федерацияның филиалдарын ашудамыз. Ресми тізілімге енгеннен кейін ғана спортшыларымыз бен бапкерлеріміз үшін мемлекеттік қолдаудың жаңа мүмкіндіктері ашылады».

​- Арқан тартыста белгілі бір өңірдің спортшылары фаворит санала ма? Жеңіске жету үшін не маңызды?

«Қазіргі таңда бұл спорт түрінің өңірлердегі даму қарқыны өте жақсы. Әсіресе Шығыс Қазақстан мен Батыс Қазақстан облыстарында арқан тартыс өте белсенді дамып келеді. Сондай-ақ Ұлытау облысында да бұл спортқа деген қызығушылық жоғары. Жеңістің басты формуласы – командалық ауызбіршілік.

​- Халықаралық жарыстарға іріктеу қалай жүргізіледі? Арнайы талаптар бар ма?

​«Халықаралық аренаға іріктеу жасағанда біз жекелеген спортшыларды емес, тұтас команданы іріктейміз. Бұл – командалық спорт. Сондықтан үйлесімділік бәрінен маңызды. Ал әр команданың ішіндегі спортшыларды бапкерлер өздері іріктеп, құрамды бекітеді. Негізгі талап – физикалық дайындық, шыдамдылық және командада жұмыс істей алу қабілеті».

​- Арқан тартыс спортының ел бойынша танымалдығын арттыру үшін қандай шаралар жүргізілуде?

​«Басты шара – аймақтарда жаңа федерацияларды ашу және жергілікті жерлерде турнирлер ұйымдастыру. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы Көшпенділер ойындарындағы күміс жүлдемізді, жеңіске жету жолындағы еңбекті насихаттап жатырмыз. Бұл спорттың қолжетімді екенін халыққа жеткізу маңызды».

​- Алдағы бірнеше жылда Қазақстандағы арқан тартыс спорты қандай деңгейге жетеді?

​«Біздің алдағы 2-3 жылға арналған нақты жоспарымыз бар: Ресми тізілімге еніп, спортты мемлекеттік деңгейде мойындату. Егер осы мақсатқа жетсек, арқан тартыс Қазақстандағы ең бұқаралық әрі кәсіби спорттың біріне айналады. Біз әлемдік аренада Қазақстан туын биікке көтеретін кәсіби атлеттер шоғырын қалыптастырғымыз келеді».

- Сұхбатыңызға рақмет!