Қызылорда облысында қайтарылған активтер есебінен аурухана салынып жатыр

Бүгін, 12:28
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Қызылорда облысында қайтарылған активтер есебінен аурухана салынып жатыр
Фото: freepik.com

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен облыс прокуроры Ризабек Ожаров Әйтеке би кентінде салынып жатқан Қазалы көпсалалы орталық аудандық ауруханасының жаңа корпусының құрылыс барысымен танысты, деп хабарлады Elordainfo.kz облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қайта жаңғырту жобасы 42 төсек-орынға арналған қосымша корпустың құрылысын қамтиды.Нысан прокуратура органдары арқылы мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен салынып жатыр. Өңір басшылары құрылыс жұмыстарының сапасын тексеріп, аурухананы заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарымен танысты. Аудандық аурухананың кеңеюі қолданыстағы бөлімшелерге түсетін жүктемені едәуір азайтып, медициналық көмектің жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді», - деп жазылған баспасөз хабарламасында.

Әлеуметтік нысан 2026 жылдың басында пайдалануға беріледі. Жобаның жүзеге асырылу барысы Қызылорда облысы прокуратурасының бақылауында.

Бұған дейін Павлодар әуежайы қайтарылған активтер есебінен реконструкцияланатынын жаздық.