Қызылорда облысында 1 млрд теңгенің күріш өңдеу зауыты іске қосылды

Қызылорда облысында 1 млрд теңгенің күріш өңдеу зауыты іске қосылды
Фото: АШМ

Өңірде орналасқан «Абзал и К» компаниясы заманауи автоматтандырылған күріш өңдеу зауытын ашты. Жаңа нысан осы саладағы өндіріс қуатын 2,5 есеге арттыруға, экспорттық әлеуетті кеңейтуге және күрішті өңдеу тиімділігін арттыруға ықпал етпек. Жобаның жалпы құны – 1 млрд теңге, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Кәсіпорын сағатына 12 тонна күріш өндіруге қауқарлы. Заманауи қондырғылардың арқасында өндірістік қалдықтың көлемі 3–4%-ға дейін барынша азайтылады.

Зауытта өндірісті автоматтандыру мен цифрлық басқарудың заманауи технологиясы енгізілген. Барлық технологиялық үдеріс бірыңғай цифрлық жүйе арқылы бақыланады, ал өнім сапасы онлайн режимде қадағаланады. 

Кәсіпорынды электр энергиясымен ішінара қамтамасыз ету үшін компанияның жеке күн электр станциясы пайдаланылады. Бұл зауыттың электр энергиясына деген қажеттілігінің бір бөлігін жаңартылатын энергия көзі есебінен өтеуге жол ашады.

Компания күріш өсіруден бастап оны өңдеу және дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік кезеңді қамтиды.

Компанияның жеке күріш алқаптары Қызылорда облысының Сырдария ауданында орналасқан және 3 мың гектар аумақты алып жатыр. Күріш өңдеу кәсіпорнында ақталған күріш және басқа да дайын өнім түрлері өндіріледі.



Жаңа зауыттың іске қосылуы сыртқы өткізу нарықтарын кеңейтуге де ықпал етеді. Компания өнімінің 50%-ы Қазақстанның ішкі нарығында сатылады, ал қалған 50%-ы ТМД елдеріне, Моңғолияға және Иракқа экспортталады.

Айта кетейік, Қызылорда облысы Қазақстандағы күріш өсіру бойынша негізгі өңір болып қала береді. Елдегі күріш өндірісінің жалпы көлемінің 90%-ы осы облыстың үлесіне тиесілі. 2026 жылы облыста 193,7 мың гектар егіс алқабының 70,1 мың гектарына күріш егілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, күріш көлемі 2025 жылмен салыстырғанда 10,9 мың гектарға қысқартылды.

Еске сала кетсек, Ауыл шаруашылығы министрлігі 2024–2028 жылдарға арналған ылғалсүйгіш дақылдардың, оның ішінде күріштің егіс алқаптарын қысқартуды көздейтін Жол картасын бекітті.