Құрылтай, Халық кеңесі институттары арқылы халық билігінің озық үлгісі қалыптасады – Тоқаев
Бұл туралы Мемлекет басшысы Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуі кезінде айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Сонымен еліміздің алдында өте биік және күрделі мақсаттар тұр. Біз табанды еңбектің арқасында оның бәрін орындауымыз керек, бұған ешқандай күмән болмауға тиіс, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысының сөзінше, көп ұзамай Парламент қарауына Президент, Құрылтай, Халық кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа 5 конституциялық заң ұсынылады.
– Құрылтай, Халық кеңесі институттары арқылы халық билігінің озық үлгісі қалыптасады. Біз тарихи тағдырымызда ерекше орын алған Ордабасы құрылтайының 300 жылдығында жаңа Конституциямызға сай Құрылтайды қайта жаңғыртатын болдық. Мұның да символдық мәні бар. Сонымен қатар 8 конституциялық заңға және 60-тан астам заңға, соның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу қажет болады. Осының бәрі болашағымызға күшті ықпал етері анық. Қазақ елі сан ғасыр бойы бірегей дала заңымен өмір сүрді. Құқықтық мемлекет құру — айбынды бабаларымыздың қастерлі мақсат-мұраты болғанын тарихтан бәріміз жақсы білеміз, – деді Президент.
Бұдан бұрын Тоқаев шын мәнінде жанашыр ұрпақ қана елдің көркеюіне мол үлес қоса алатынын айтты.