Қазақы тазы мен төбет күні: бір топ сала маманы марапатталды

Қазақы тазы мен төбет күні: бір топ сала маманы марапатталды
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінде Қазақы тазы мен төбет күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жиынға Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, Қазақстан Кинологтар одағының өкілдері, кинологтар, ит өсірушілер, хендлерлер және ұлттық ит тұқымдарын сақтап, дамытуға үлес қосып жүрген сала мамандары қатысты.

Іс-шара барысында министр қатысушыларды мерекемен құттықтап, қазақы тазы мен төбетті сақтаудың, олардың асыл тұқымдық және табиғи қасиеттерін дамытудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ отандық кинологияны қолдау бағытындағы жұмыстардың маңызын атап өтті.

Салтанатты рәсімде ұлттық ит тұқымдарын сақтау, өсімін молайту және отандық кинологияны дамытуға үлес қосқан 20 азаматқа министрліктің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.

Айта кетейік, биыл Қазақстанда Қазақы тазы мен төбет күні алғаш рет аталып өтіп отыр.

Мерекелік дата ретінде 3 қыркүйектің таңдалуының өзіндік мәні бар. 2024 жылғы дәл осы күні Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) қазақы тазыны алдын ала танып, оған №372 халықаралық стандартын бекітті. Осылайша Қазақстан қазақы тазының шыққан елі ретінде танылды.

Қазіргі таңда елімізде ұлттық ит тұқымдарын сақтау, олардың асыл тұқымдық қорын қалыптастыру, қазақы тазының табиғи және жұмыс қасиеттерін сақтау әрі оны халықаралық деңгейде таныту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Бұған дейін танымал әнші Димаш Құдайберген Мемлекет басшысы өзіне сыйлаған тазысы мен тұлпарының ерекше кадрларымен бөліскенін жазғанбыз