Қазақтың «Ою-өрнегі» ИСЕСКО-ның Ислам әлемі мұралары тізіміне енді
Қазақтың дәстүрлі «Ою-өрнегі» ресми түрде ИСЕСКО-ның Ислам әлемі мұралары тізіміне енді. Тиісті шешім 11 ақпанда өткен ИСЕСКО Ислам әлемі мұралары комитетінің 13-сессиясында қабылданды. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Ою-өрнектің ИСЕСКО-ның беделді тізіміне енуі – Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын халықаралық деңгейде ілгерілетудегі маңызды қадам. Бұған дейін, яғни 2023 жылы ИСЕСКО тізіміне түркі өркениетінің басты нышандарының біріне айналған дәстүрлі «Тоғызқұмалақ» ойыны қосылған болатын», - делінген жазбада.
Ерлан Қариннің айтуынша, Президенттің Ұлттық құрылтай отырыстарында берген тапсырмаларына сәйкес, Қазақстанның мәдени мұра нысандарын ЮНЕСКО және ИСЕСКО тізімдеріне енгізу жұмысы жалғасады.
Еске салсақ, құрылтайда Президент Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енгізуді ұсынды.