Ұлы бабаларымыздың өсиеттерін мерейтойы кезінде ғана еске алу дұрыс емес - Президент

Ұлы бабаларымыздың өсиеттерін мерейтойы кезінде ғана еске алу дұрыс емес - Президент
Фото: anatili.kazgazeta.kz

Ұлы бабаларымыздың өсиеттерін олардың мерейтойы кезінде ғана еске аламыз. Бұл – дұрыс емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Құрылтайда Президент Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енгізуді ұсынды.

«Абай ілімі ұлттық бірегейлігіміздің, ұлттық болмысымыздың өзегі болуға тиіс. Оның ой-толғамдары қанша заман өтсе де өзекті болып қала береді. Қазіргі «Адал азамат» тұжырымдамасы ұлы ойшылдың «Толық адам» идеясымен тығыз астасып жатыр.
Біз Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізуіміз керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ұлы тұлғалардың ілімдерін жан-жақты дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.

«Әл-Фараби, Ясауи ілімдері де ұлт руханиятының ұстыны саналады. Ашығын айтсақ, ұлы бабаларымыздың өсиеттерін олардың мерейтойы кезінде ғана еске аламыз. Бұл – дұрыс емес.
Сондықтан Әл-Фараби, Ясауи және Абай ілімдерін жан-жақты дәріптейтін ғылыми жиындарды тұрақты өткізіп тұруымыз қажет. Бұл басқаға емес, ең алдымен өзіміз үшін керек.
Олардың мұралары – біздің рухани-философиялық болмысымыздың тірегі. Еліміздің гуманитарлық институттары ұлы ойшылдарымыздың ілімін жүйелі түрде насихаттағаны жөн.
Басты міндет – халқымыздың баға жетпес қазынасы – ұлттық мұрасын сақтап, ұрпаққа табыстау», - деді Президент.  

Мемлекет басшысы құрылтай мүшелерінің философия, әлеуметтану, саясаттану сияқты ғылымдарды дамыту және қоғамдық-саяси ой-пікірлер көптомдығын әзірлеу туралы ұсынысын атап өтті.

«Олар ғылыми мекемелердің зерттеулері онлайн платформа арқылы бәріне бірдей қолжетімді болуы керек екенін айтты.
Жуырда Астана мен Алматыда президенттік кітапханалардың құрылысы басталады. Меніңше, бұл нысандар тек кітаптар жиналған жер емес, қазақтың тарихын, мәдениеті мен өркениетін дәріптейтін орталықтар болуы керек», - деді ол.