Қазақстандық оқушылар әл-Хорезми олимпиадасында үздік нәтиже көрсетті
Өзбекстан астанасы Ташкентте математика және информатика пәндерінен әл-Хорезми халықаралық олимпиадасында Қазақстан құрамасы төрт алтын, үш күміс және бір қола медаль алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Білім додасына әлемнің 10 елінен келген дарынды оқушылар қатысып, теориялық және практикалық тапсырмалар бойынша бақ сынады. Халықаралық олимпиадада Қазақстан құрамасының сегіз оқушының барлығы жүлдегер атанып, ел қоржынына төрт алтын, үш күміс және бір қола медаль салды. Осылайша ұлттық құрама 100 пайыздық нәтижеге қол жеткізді.
Алтын медаль иегерлері:
Ахмет Бердімұрат – Ақтөбе облыстық дарынды жасөспірімдерге арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы;
Бексұлтан Жанделдинов – Павлодар қаласындағы «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы;
Алдияр Мұхитұлы – Алматы қаласындағы NIS-тің 9-сынып оқушысы;
Әлішер Еламан – Алматы қаласындағы РФММ-нің 8-сынып оқушысы.
Күміс медаль иегерлері:
Әмір Белгімбаев – Алматы қаласындағы РФММ-нің 9-сынып оқушысы;
Ислам Ермұханов – Ақтөбе облыстық дарынды жасөспірімдерге арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы;
Санжар Жангелді – Қарағанды қаласындағы Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9-сынып оқушысы.
Қола медальді Павлодар қаласындағы «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Әлішер Ғаллам жеңіп алды.
Ұлттық құраманың жетекшілері – Алматы қаласындағы №165 мамандандырылған лицейдің математика пәнінің мұғалімі Асхат Әбдіқұлов және IITU сеньор-лекторы Айбар Қуанышбай.

Еске сала кетсек, Астанада республикалық және халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жобалар конкурстары мен робототехника жарыстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттауға арналған дәстүрлі «Елорда дарындары» іс-шарасы өтті.