Елорда дарындары: Астанада талантты оқушылар марапатталды

Бүгін, 08:35
elordaaqparat elordaaqparat
Елорда дарындары: Астанада талантты оқушылар марапатталды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада Халықаралық балаларды қорғау күніне орай республикалық және халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жобалар конкурстары мен робототехника жарыстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттауға арналған дәстүрлі «Елорда дарындары» салтанатты іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

«TANYM» көпфункционалды кешенінде ұйымдастырылған шараға елорданың ең үздік зияткер оқушылары қатысты. Іс-шараны Астана қаласының Білім басқармасы мен «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы ұйымдастырды.

Биылғы жылы «Елорда дарындары» марапатына 171 талантты оқушы ие болды.



Олардың қатарында республикалық және халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері, ғылыми жоба байқауларының үздіктері және робототехника саласында жоғары нәтижеге қол жеткізген оқушылар бар.

Салтанатты жиында Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев жас дарындарды құттықтап, олардың жетістіктері еліміздің білім беру саласының дамуына қосылған маңызды үлес екенін атап өтті. Сонымен қатар оқушылардың табыстары Қазақстанның халықаралық білім кеңістігіндегі беделін арттыруға ықпал етіп отырғанын жеткізді.



Іс-шара барысында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Бұл марапаттар оқушылардың білім жолындағы табандылығы мен қажырлы еңбегінің нәтижесін айқындайды.

Жиын аясында Қазақстанның «Үздік 100 олимпиадалық мектебі» тізіміне енген елордалық білім беру ұйымдарының директорларына да алғыс хат табысталды. Олардың қатарында «Нұр Орда» мектеп-лицейі, «Спектрум» халықаралық мектебі, Білім-инновация лицейлері, №17, №46 және №91 мектеп-гимназиялары, сондай-ақ Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM мектебі бар.

Еске сала кетсек, елордалық мектепте үш жазғы лагерь ашылды.