Қазақстанда коучтерге арналған кәсіби стандарт бекітілді

Қазақстанда коучтерге арналған кәсіби стандарт бекітілді
Фото: Respublica партиясы

Бекітілген бұл құжат жосықсыз тәжірибелерден азаматтарды қорғауға бағытталған. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында депутат Динара Наумова мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Сонымен қатар депутат коуч мамандығына қойылатын талаптар алғаш рет мемлекеттік деңгейде айқындалып, нарық үшін бірыңғай ережелер енгізілетінін атап өтті.

Оның сөзінше, мамандардың біліктілік талаптары нақтыланып, тұтынушылардың құқықтарын қорғау күшейтіледі.

«Біздің міндетіміз – ұғымдардың орынсыз алмастырылуынан және жосықсыз тәжірибелерден азаматтарды қорғау. Коучинг түсінікті, ашық әрі жауапты қызмет болуы тиіс, міндеттемесіз көмескі ұғымға айналмауы керек», – деді Мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар стандартта коучинг қызметінің шекаралары айқын көрсетілген. Коучинг психотерапиядан, психологиялық кеңес беруден және тәлімгерліктен ресми түрде ажыратылған. Бұл клиенттерге қандай қызмет үшін ақы төлеп отырғанын нақты түсінуге, ал мамандарға  анықталған кәсіби шеңберде жұмыс істеуге мүмкіндік бермек.

Аталған стандарттың қабылдануы коучинг қызметі саласындағы ашықтық пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Құжатта қажетті құзыреттер, даярлық деңгейі, кәсіби этика нормалары, сондай-ақ бейресми білімді қоса алғанда, біліктілікті растау тәртібі нақты белгіленген.

Бұдан бөлек, коучтердің ашық тізілімін қалыптастыру көзделген. Онда мамандардың білімі, сертификаттары және расталған біліктілігі туралы ақпарат қолжетімді болады. Сонымен қатар коучинг қызметтерінің сапасына жауапкершілікті күшейтуге бағытталған «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар дайындалды.

Сарапшылардың пікірінше, кәсіби стандарттың бекітілуі Қазақстанда коучингтің жетілген әрі өркениетті нарығын қалыптастыруға жасалған маңызды қадам болып саналады. Бұл үдерісте клиенттердің қауіпсіздігі мен мамандардың кәсіби жауапкершілігі басты басымдыққа айналмақ.

Бұған дейін танымал блогерлер Ерболат Жанәбілов пен жары үйқамаққа алынғанын жаздық.