Қазақстан халықаралық геологиялық карталау стандартына көшіп жатыр

Қазақстан халықаралық геологиялық карталау стандартына көшіп жатыр
Фото: ОКҚ

ҚР ӨҚМ Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қанат Ерубаев Орталық коммуникация қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында мемлекеттік геология саласындағы негізгі басымдықтар туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қанат Ерубаев отандық сала карталаудың жаңа деңгейі 1:50 000 масштабына көшіп жатқанын атап өтті.

Спикердің сөзінше, мұндағы мақсат – еліміздің аумағы бойынша геологиялық-геофизикалық зерттелу деңгейін 2,2 млн шаршы шақырымға жеткізу. 2025 жылдың қорытындысы бойынша алтын, мыс, қорғасын, мырыш және басқа пайдалы қазбалар бар 29 перспективалы алаң анықталды.

«Біз бұрын кең ауқымда жұмыс істедік. Бұл жалпы түсінік беретін. Тәуелсіздік кезеңінде жұмыстар негізінен 1:200 000 масштабында жүргізілген. Бұл құрылымды көруге мүмкіндік береді, бірақ инвестициялық шешімдер қабылдау үшін мәліметтер жеткіліксіз. Біз жаңа деңгейге – метрге дейінгі дәлдікпен егжей-тегжейлі зерттеулерге көшеміз. Бұл енді картаға түсіру ғана емес, бұл – инвестициялық геологиялық инфрақұрылымды қалыптастыру. Жаңа зерттеу форматы перспективалы учаскелерді анықтау мүмкіндігін арттырады, геологиялық тәуекелдерді азайтады, өнеркәсіптік игеруге өту процесін жылдамдатады», – деді Қанат Ерубаев.

Бұған дейін жерасты суын қандай жағдайда алуға болатынын жазған едік.