Жерасты суын қандай жағдайда алуға болады
Су ресурстары және ирригация министрлігі жерасты суын рұқсатсыз алуға және қандай жағдайда заң бұзылатыны жайлы ақпарат жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
45-бап
Жеке тұрғын үйдегі бір отбасының қажетіне арналған құдық орталықтандырылмаған ауыз сумен жабдықтауға жатады және егер тәулігіне су алу көлемі 5 000 литрден аспай, су тек тұрмыстық мақсатта пайдаланылса, онда рұқсат талап етілмейді.
Жұмыс кезінде жер бетіне шыққан су
45-бап
Құрылыс кезінде, карьерде, шахтада немесе пайдалы қазбаларды өндіру барысында су шұңқырға жиналып, кейін сорып шығарылса және ол су әрі қарай пайдаланылмаса, рұқсат қажет емес.
Жайылымды суару үшін
Егер жерасты суы тек жайылымдарды суару мақсатында пайдаланылса, онда бұл жағдайда да рұқсат талап етілмейді.
Егер жерасты суы коммерциялық мақсатта немесе үлкен көлемде пайдаланылса, онда бұл арнайы суды пайдалану рұқсатын талап етеді және онсыз пайдаланылған жағдайда жерасты суын өз бетінше пайдалану болып есептеледі.
Ұңғымаларды арнайы рұқсатсыз бұрғылағаны және пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған:
• ҚР ӘҚБтК-нің 360-бабы 2-тармағы,
• ҚР ӘҚБтК-нің 141-бабы 2-тармағы.
45 және 93-баптар
Жерасты суы – ондаған жылдар бойы қалыптасатын стратегиялық ресурс. Оны ұтымсыз пайдалану су қабаттарының сарқылуына, ауызсу сапасының төмендеуіне және жер қабатының шөгуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан жерасты суын пайдалануға рұқсат алмас бұрын 45-баптың 4-тармағындағы талаптардан бөлек, мына шарттарды да сақтау қажет:
1. Жерасты суының расталған қоры болуы тиіс.
2. Ұңғымаларда су деңгейін өлшейтін датчик немесе манометр орнатылуы қажет (өздігінен ағатын ұңғымалар үшін).
3. Егер су алу көлемі тәулігіне 1 000 текше метрден асса, онда қосымша Өнеркәсіп министрлігіне қарасты Геология комитетімен және оның аумақтық бөлімшелерімен келісілген мониторинг бағдарламасы мен су алу жобасы болуы қажет.
4. Мемлекеттік тізімде тіркелген өлшеу құралдары орнатылуы тиіс.
92-бап
Ұңғыма иелері су деңгейі мен сапасын бақылауға және санитарлық талаптарды сақтауға міндетті. Жерасты суын пайдалануға арналған барлық құрылыс қоршаған ортаға және жерүсті су айдындарына зиян келтірмейтіндей етіп салынуы тиіс.
Кім бақылау жүргізеді?
- бассейндік су инспекциялары – су қорын қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау бойынша;
- Экология және табиғи ресурстар министрлігі – судың экологиялық жағдайы бойынша;
- Денсаулық сақтау министрлігі – ауызсудың санитарлық сапасы бойынша.
Қазіргі уақытта Ұлттық гидрогеологиялық қызмет Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі аясында «Жерасты суы» модулін құру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл модуль жерасты суының жай-күйі, қоры және пайдаланылуы туралы деректерді есепке алу мен талдауға арналған. Сонымен қатар қызмет деректер базасын қалыптастырумен, мониторинг жүргізумен, су кадастрына қатысумен, сондай-ақ иесіз және апатты ұңғымаларды зерттеумен және сақтаумен айналысады. Бұл жерасты суының есебі мен бақылауын жақсартуға мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін су ресурстарын бақылауға арналған ақпараттық жүйе іске қосылғанын жаздық.