Қасымхан Сенғазыев: Президент Жарлығы – ұлт болашағын жаңа ойлау деңгейіне көтеруге бағытталған маңызды қадам

Қасымхан Сенғазыев: Президент Жарлығы – ұлт болашағын жаңа ойлау деңгейіне көтеруге бағытталған маңызды қадам
Фото: Астана қаласының Білім басқармасы

Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу туралы Жарлығы – уақыт талабынан туған тарихи шешім. Бұл – тек цифрлық технологияны білім саласына енгізу ғана емес, ұлт болашағын жаңа ойлау деңгейіне көтеруге бағытталған маңызды қадам. Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев Мемлекет басшысының Жарлығы туралы осылай пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінгі әлемде білім беру жүйесі тек ақпарат берумен шектелмейді. Ең бастысы – баланың ойлау қабілетін дамыту, оның бойындағы қабілетті дер кезінде танып, жеке траекториясын қалыптастыру.

«Президент Жарлығында осы мәселелердің барлығы терең қамтылған. Әсіресе, қала мен ауыл мектебі арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға бағытталған бастамалар – ел болашағына деген шынайы жанашырлықтың көрінісі.

Жасанды интеллект – мұғалімді алмастыратын құрал емес, ұстаз еңбегін жеңілдетіп, сапасын арттыратын мүмкіндік. Ұстаздың жүрек жылуын ешқандай технология алмастыра алмайды. Бірақ технология педагогке уақытты тиімді пайдаланып, әр баламен жеке жұмыс істеуге жол ашады. Бұл – білім сапасын жаңа деңгейге көтеретін мүмкіндік.

Астана қаласының білім беру жүйесінде цифрлық трансформация бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Ендігі міндет жасанды интеллект мүмкіндіктерін қауіпсіз, сауатты әрі тиімді қолдана отырып, оқушыларға заманауи білім беру ортасын қалыптастыру.

Президент Жарлығы – болашаққа бастайтын бағдар. Себебі бүгінгі мектеп ертеңгі Қазақстанның келбеті. Ал білімге салынған инвестиция мемлекет дамуының ең сенімді кепілі», - деп пікір білдірді Білім басқармасының басшысы.

Еске салсақ, аталмыш құжатқа сәйкес 1 қыркүйекке дейін орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолдану стандарттары бекітіледі.