Қайтарылған активтер есебінен Алғабас ауылына ауыз су жүйесі тартылды
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес прокуратура қайтарған қаражат халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға жұмсалып жатыр. Соның бірі Батыс Қазақстан облысында жүзеге асып, Теректі ауданының Алғабас ауылы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Көптеген жылдар бойы елді мекенде орталықтандырылған ауыз су жүйесі болмаған. Тұрғындар жыл мезгілі мен судың сапасына қарамастан, құдық суын пайдалануға мәжбүр болды.
2025 жылы прокуратура қайтарған активтер есебінен құны 576,9 млн теңгені құрайтын орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы жүзеге асырылды.
Жоба аясында екі су ұңғымасы бұрғыланып, елді мекенді тұрақты сумен қамтамасыз етуге қажетті инженерлік инфрақұрылым құрылды.
Нәтижесінде 200-ден астам абонент өз үйлерінде сапалы ауыз суға қол жеткізді.
«Аталған жобаның іске асырылуы – мемлекетке қайтарылған активтердің халық игілігіне тиімді бағытталып, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге жұмсалып жатқанының нақты көрінісі», - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Астанада қайтарылған активтер есебінен 1 200 оқушыға арналған жаңа мектеп салынғаны туралы жаздық.