Президент: Қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың жаңа тәсілдерін ойластыру қажет

Бүгін, 14:58
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Президент: Қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың жаңа тәсілдерін ойластыру қажет
Фото: akorda.kz

Қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың жаңа тәсілдерін ойластыру қажет. Бұл туралы Президент бүгін Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен жиында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жаңа салық саясаты күшіне енгелі бері нақты айналымды жасыру үшін қолма-қол төлем көлемінің артқаны туралы мәліметтер келіп түсті. Бөлшек саудамен айналысатын саудагерлер тауардың ақысын қолма-қол ақшамен немесе аударым арқылы төлегеніне қарай салық сомасын шегеріп, екі түрлі баға айта бастады. Бұған, әрине, көз жұма қарауға болмайды. Өйткені мұндай әрекеттер мемлекеттің салықты әкімшілендіру тетіктерін жетілдіру бағытындағы еңбегін зая кетіреді. Кірісті жылыстату және капиталды астыртын криптоперациялар арқылы заңсыз шығару проблемаға айналды. Бүгінге дейін 62 миллиард теңгеден астам қаржы айналымы бар 130 заңсыз криптоалмасу қызметі жойылды. Осы істердің аясында 2,6 миллиард теңгенің мүлкіне тыйым салынды. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде ақшаны криптоға айырбастау жарнамасы тыйылмай тұр. Демек, мәселе түбегейлі шешімін таппаған. Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, еліміз сыртқа шығарылған капиталдың көлемі жағынан «көш бастап тұрған мемлекеттердің» бірі. Ал осындай қылмыс үшін сотталғандар жоққа тән. Капиталдың заңсыз сыртқа кетуі экономикалық қауіпсіздігімізге тікелей қатер төндіреді. Агенттік аталған мәселелер бойынша нақты ұсыныс енгізсін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың жаңа тәсілдерін ойластыру қажет екенін айтты.

«Агенттік қаржы пирамидаларымен белсенді күрес жүргізіп жатыр. Тек былтырдың өзінде 140-тан астам қылмыстық іс тергеліп, жарты миллионнан аса адамның қаржысын тартпақшы болған 15 мың сайт пен 123 чат жабылды. Алайда қабылданып жатқан шаралар да, түсіндіру жұмыстары да жағдайды түбегейлі өзгерте алмай тұр. Әйтсе де оң үрдіс бар. Неге? Өйткені алаяқтар пирамиданы түрлі қаржы құралдары сияқты ұсынады. Ал азаматтар олардың арбауына түсіп, бар тапқан-таянғанынан айырылып қалып жатыр. Сондықтан қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың тиімді шараларын әзірлеп, проблеманың түп тамырын анықтаған жөн. Өз әрекетінің заңсыз екенін біле тұра, адамдарды түрлі алаяқтық схемаларға тартатын пирамида қатысушыларына құқықтық жауапкершілік енгізу мәселесін қарастыру қажет. Мұндай алаяқтарды немесе қымсынбай қылмысқа баратын жандарды түрмеге қамап, қылмыстық жазаға тарту керек. Егер Қаржылық мониторинг агенттігі, Үкімет осындай түзетулерді ұсынса, мен қолдаймын. Мәселені қарастырыңыздар. Осы тектес батыл шешімдер қабылдамасақ, ахуалдың оңала қоюы екіталай. «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қала береді», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев заңды тұлғалардың күмәнді табыстарды заңдастыруына қатысты жазаны күшейтуді тапсырды

«Есірткі бизнесімен күресті күшейту қажет. Өкінішке қарай, қазір есірткі саудасынан түскен табысты тексеру жұмысының тиімділігі төмен. Қылмыскерлердің заңсыз жолмен тапқан жеке мүлкімен қатар, басқа адамдардың атына рәсімдеген мүлкі де мемлекетке қайтарылуға тиіс. Қысқасы, қылмыстық жолмен иемденген мүліктің бәрін тәркілеу мәселесін мұқият пысықтаған жөн. Заңды тұлғалардың күмәнді табыстарды заңдастыруына қатысты жазаны күшейту керек. Бұл қадам халықаралық стандарттарға толық сай келеді», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізді.